Алматыда жаңбырдың салдарынан енді ғана төселген асфальт жабынын су шайып кетті. Оқиға куәгерлері жолды видеоға түсіріп, желіге салды.
Осы мәселеге қатысты Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, 2014 жылы Алматы қаласының аумағына Нұр Алатау шағын ауданы қосылған. Бұл шағын ауданда орналасқан К.Салықов көшесінде арық желісі болмаған.
Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің өтінімі бойынша жоғарыда аталған көше қаланың орталық бөлігінде арық желілері мен нөсер кәріздерін салу және реконструкциялау жобасына қосылған.
Жобаны іске асыру шеңберінде Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша «АлматыдэДорСтрой» компаниясы» ЖШС мердігерлік ұйымы К.Салықов көшесі бойында ұзындығы 1800 метр болатын бұрма арық желісін салу жұмыстарын бастаған. Арық желісін орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда асфальт жабынын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
«9 сәуірде сағат 06:00-ден бастап асфальт жабыны төсеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды жүргізу кезінде жауын-шашын басталды, осыдан кейін асфальт төсеу жұмыстары тоқтатылды. Жаңбыр кезінде мердігер ұйым асфальт материалының қатып қалуын болдырмау үшін қалған учаскелерді тегістеу жұмыстарын бітіріп жатқан болатын. «АлматыДорСтрой» компаниясы» ЖШС мердігерлік ұйымының басшылығымен құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау, сондай-ақ жұмыстарды сапалы орындау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — деп хабарлады қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының баспасөз қызметі.
Қолайлы ауа райы болған кезде 15 сәуірге дейін асфальт жабынын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланды.