Белгілі жазушы, ардагер журналист, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың құрбанына айналды. Егде жастағы ұстазға белгісіз біреулер түрлі мемлекеттік құрылымдардың атын жамылып хабарласып, үйін сатқызып, ақшасын алдап алған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленушінің туыстары мен әріптестері оқиғаға қатысты қоғам назарын аударуға шақырып отыр.
Қылмыс қандай жолмен жасалған?
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, алаяқтар алғашында өздерін «Энергосбыт» компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, жазушының мекенжайы, ЖСН және жылжымайтын мүлікке қатысты деректерін анықтап алған. Біраз уақыттан соң олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріміз деп тағы да байланысқа шығып, «Сіздің үйіңізді қылмыстық топтар тартып алмақ» деген сылтаумен тез арада үйді сату қажеттігін айтып, психологиялық қысым жасаған.
Нәтижесінде профессор нотариус арқылы үйін заңды түрде сатып, қолына тиген қаражатты алаяқтар жіберген курьерге бере салған. Олар ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотына саламыз деген желеумен иемденіп кеткен.
«Мен қартайған адаммын. Айбардың айтқаны шындық. Арбауға түсіп қалдым. Тап қазір үйді сатып алған адам полициямен келіп үйді босат, әйтпесе МЧС әкеліп бұзып көреміз деп кетті. Сіздердің жедел көмектеріңіз керек. Тоқтатыңыздаршы аналарды. Бір ай мұрсат сұрасам, сатып алушы көнбей қойды» дейді профессордың өзі.
Жазушы үйінде бекініп отыр
Кәкен Қамзин бүгінде жалғыз өзі үйінде бекініп, пәтерге иелік етеміз деген тараптардан қорғануға мәжбүр. Туыстарының мәліметінше, белгісіз адамдар түнгі уақытта келіп, қоқан-лоққы көрсетіп, қысым жасаған.
Полиция тергеу жүргізуде
Аталған оқиға бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қалалық Полиция департаментінен бұл іске ерекше назар аудару сұралды. Сонымен қатар, жәбірленушінің шәкірттері мен әріптестері ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовті істі жеке бақылауына алуға шақырып отыр.
Қоғам қолдауы артуда
Жазушы-профессордың шәкірттері мен қаламдас әріптестері бұл оқиғаның әділ әрі ашық тергелуін талап етуде. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нартай Сарсенғалиев, танымал журналистер Мақсат Толықбай, Ермұрат Бапи бұл істің қоғам назарында болуын маңызды деп санайды.
Сондай-ақ заңгер Абзал Құспаннан құқықтық көмек сұралуда. Профессордың үйін сату мәмілесін сот арқылы заңсыз деп тану үшін кәсіби қолдау қажет.
Бұл оқиға – бір адамның ғана басындағы қиындық емес, елге еңбегі сіңген жазушы, ұстаз, рухани қайраткердің тағдыры. Қоғам болып үн қатып, әділдік орнауына атсалысу – әрбір саналы азаматтың парызы.