Фото: Polisia.kz
Алматыда «Сергек» камераларының жаңа функциясы пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жүйе сынақ ретінде Сәтбаев көшесінде, Достық даңғылынан бастап Валиханов көшесіне дейінгі аралықта, көшенің оңтүстік және солтүстік жақтарында енгізілген.
«Бұл бейнебақылау жүйесі автокөліктердің тұрақ ережелерін бұзуын, соның ішінде екінші қатарға қойылған көліктерді анықтайды», – деп мәлімдеді полиция.
Алматы әкімшілік полициясы Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің 85-тармағына сәйкес, жолдың жүріс бөлігінде көлікті тек бір қатар етіп қоюға рұқсат етілетінін еске салды. Тек кейбір жерлерде (жолдың кеңейтілген учаскелерінде) көліктерді басқа ретпен орналастыруға рұқсат берілуі мүмкін.
Ал 87-тармақтың 8-бөлімінде көлікті басқа автокөліктердің қозғалысына (кіруіне немесе шығуына) кедергі келтіретін немесе қозғалысқа қиындық тудыратын жерлерде тоқтатуға тыйым салынғаны айтылған.
Сондай-ақ, полиция бөлімшесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы, 3-тармағына сәйкес, жолдың жүріс бөлігінде көлікті дұрыс қоймау және басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіру 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкелетінін хабарлады. Бұл шамамен 39 320 теңгені құрайды. Егер айыппұл жеті күн ішінде төленсе, оның мөлшері 5 АЕК-ке (19 660 теңге) дейін азаяды.