Алматы қаласының тұрғыны, заңгер Айнигара ақпан айының соңында Әзербайжанға демалысқа барып, күтпеген жағдайға тап болды. Ол Бакуге ұшып келген күні сүрініп, қатты құлап, жүре алмай қалған,деп хабарлайды Todayinfo.
«Бакудегі құрбым бірден көмекке келіп, мені жарақат пунктіне апарды. Онда мені кезексіз қабылдап, тегін медициналық көмек көрсетті. Себебі, біздің дәрігерлер мен азаматтар Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде олардың отандастарына жанашырлық танытқан екен. Сол үшін маған дәл сондай ықыласпен қарады. Кейін мені түскі асқа шақырып, қаланы аралатты. Осындай мейірімділік пен қонақжайлылықтың ортасында ауырсынуымды да ұмыттым», – деп бөлісті Айнигара.
Айнигара Әзербайжанда төрт керемет күн өткізіп, жергілікті халықтың қонақжайлығын, Ескі қаланың ерекше атмосферасын және ұлттық тағамдардың дәмін тамашалады. Ол болашақта бұл елге тағы да келуді жоспарлап отыр.
Бұл оқиға туралы саяхатшы блогер Александр Цой да бөлісіп, Әзербайжан халқының жанашырлығы мен бауырмалдығына ерекше тоқталды.
«Әзербайжанның бауырлас халқына көрсеткен көмегі мен қонақжайлығы үшін зор алғысымды білдіремін», – деді Айнигара.