Димаш Құдайбергеннің әлемдік жанкүйерлері «Ұмытылмас күн» әнін орындап, Dears фандомы құрылғанына 8 жыл толуына орай ерекше тосын сый жасады, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Ұмытылмас күн» әні – әлемдік жанкүйерлердің тартуы
Димаш Құдайбергеннің DiVoices атты поляк фан-клубының мүшелері қазақстандық әншінің Dears фандомы құрылғанына 8 жыл толуына орай ерекше жоба ұйымдастырды. Олар Димаштың шығармашылық жолындағы алғашқы хиттарының бірі – «Ұмытылмас күн» әнін қазақ тілінде орындады. Бұл тосын сыйға әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер қатысты.
Фан-клубтың жетекшісі Тереза Каколдың айтуынша, бұл ән жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие.
«Димаш бұл әнді жазғанда оның жанкүйерлер үшін қандай ерекше символға айналатынын елестетпеген болар. Әрбір концерт, кездесу мен сапар – Dears үшін жарқын эмоциялар мен естеліктерге толы ерекше оқиға», – дейді Тереза.
Әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлердің қолдауын біріктірген жоба
DiVoices жобасына АҚШ, Норвегия, Перу, Швеция, Латвия және Жапония елдеріндегі фан-клубтардың өкілдері қатысты. Көпшілігі бұған дейін «Mahabbat Around the World» жобасына да қатысып, Димаштың музыкаға деген шексіз махаббатын дәлелдеген болатын.
Хор мүшелері бұл әннің тыңдармандардың жүрегінен орын табатынына сенім білдірді: «Біздің бұл интерпретациямыз Dears-қа ұмытылмас эмоция сыйлайды деп үміттенеміз», – деп бөлісті жоба қатысушылары.
Фан-клубтың жылы тілегі
Поляк фан-клубы барлық Dears жанкүйерлерін фандомның 8 жылдық мерейтойымен құттықтады. Олар әрбір жанкүйерге Димаштың шығармашылығынан шабыт алып, жаңа естеліктер жинай беруін тіледі.