Алты жасар Хансұлтан Сағынтай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековпен тағы да кездесті.
Былтыр Түркістан қаласы әкімдігі балабақша бүлдіршіндеріне арнап Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше шара өткізген. Балақайлардан өскенде кім болғысы келетінін сұрап, бір күнге сол мамандық иесі сезіндірген.
Хансұлтан қаланың «әкімі» ретінде нысандарды аралап, мемлекеттік қызметшілермен бір күнін өткізген. Қаланың сол кездегі әкімі Нұрбол Тұрашбеков ағасымен де кездесіп, сұхбаттасып, бала арманымен бөліскен, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық порталы.
Бүгін де Хансұлтан облыс әкімдігінің ғимаратына Нұрбол Тұрашбековпен кездесуге келді.
Қазіргі таңда «Нұр-Болашақ-2» мектебінің 1-сыныбында оқитын балақай облыс әкімінің орынбасарына «Мен де сіздей боламын» дей отырып, тап-таза жүрегімен шынайы тілектестігін білдірді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы арманы асқақ бүлдіршінге таудай талап пен көшпейтін бақ тіледі.