Фото: Instagram.com/altynaizhorabayeva
Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында белгілі әнші Алтынай Жорабаева сауалнама жасау барысында күтпеген жағдайға тап болды. Әншінің айтуынша, ол әшекей сататын дүкен туралы сауалнама жүргізіп жатқанда, ғимараттың күзетшісі келіп, оның әрекетін заңсыз деп бағалаған, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Сіз әкімшіліктен рұқсат алдыңыз ба?» – деп сұраған күзетші әншіні ғимараттан шығарып жіберген. Алтынай Жорабаева бұл талапты орынсыз деп санайды.
«Кәдімгі халықпен суретке түсіп, сауалнама алуға әкімшіліктің рұқсаты қажет деген қай заң? Командаммен клип түсіріп жүрсем бір басқа. Ал қарапайым халықпен араласып, сұрақ қойып, суретке түсуге рұқсат сұрау ақылға сыймайды», – деді әнші.
Күзетшінің әрекетіне шағымданды
Алтынай Жорабаеваның айтуынша, күзетші өзін таныстырмаған және түсіруге тыйым салынғанын растайтын құжат көрсетпеген. Әнші мұндай шектеулер еліміздегі көптеген көпшілік нысандарда жиі кездесетінін атап өтті.
«Біз шетелде мұндай проблемаларға кезікпейміз. Ол жақта кез келген ғимаратта, әуежайда видеоға түсіруге рұқсат беріледі. Ал бізде тексерілуі тиіс нәрселер қаралмайды да, керісінше қажетсіз шектеулерге тап боламыз», – деп пікірін білдірді әнші.
Алтынай Жорабаева қоғамдық орындарда фото және видео түсіруге тыйым салатын талаптардың заңдылығы қайта қаралуы тиіс деп есептейді.