Астана, Қазақстан (20 қараша 2024) — Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Biz Birgemiz Kazakhstan» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайраттың ісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Todayinfo.kz хабарлады.
Фото: golos-naroda.kz
Еске сала кетейік, 14 қарашада «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңге ұрлады деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін жиналған қайырымдылық қаражаттың басым бөлігін жылжымайтын мүлік пен сәнді заттар сатып алуға жұмсаған. Кейін оның Палестинаға жиналған ақшаның 200 млн теңгесін жымқырғаны туралы да мәліметтер пайда болды.
Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Елнұр Бейсенбаевтан бұл іске қатысты пікірін сұрады. Ол тергеу қорытындысы шықпайынша, түбегейлі баға беруге болмайтынын айтты.
«Әрбір қайырымдылықпен айналысатын адам жинаған қаржының дұрыс бағытта жұмсалуына жеке жауапты. Сондықтан мұндай істер бойынша әділ тергеу жүргізілуі керек», — деді депутат.
Сондай-ақ, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына «Amanat» партиясының қатысы бар-жоғы туралы сұраққа жауап бере отырып, Бейсенбаев Перизат Қайратты ерікті ретінде ғана білетінін, қордың партияға ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
«Қордың партияға ешқандай қатысы жоқ. Үш жыл бұрын бұл істі бастаған жігіттер ерікті ретінде белсенділік танытқан… Кейін олар әртүрлі жетістіктерге жетіп, партияның мүшесі атанды. Бірақ бұл олардың сол кезден бастап партиямен байланысы бар дегенді білдірмейді», — деп түсіндірді ол.