Нидерланд Корольдігінің астанасында 30 қазан күні Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы» атты көрмесі ашылды. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің, Түркия Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің және Юнус Эмре институтының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл қазақ халқының бай мәдени мұрасын паш ететін маңызды мәдени оқиға.

Бес тақырыптық бөлімнен тұратын экспозиция Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей жәдігерді ұсынады. Олардың қатарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлерінен сыр шертетін этнографиялық артефактілер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ қазақ және түркі халықтарының музыкалық аспаптары бар.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнаған.
Юнус Эмре институтындағы бұл көрме 2025 жылы 14 қарашаға дейін жалғасады.