Ақтөбе қаласында Есболовтар отбасының бес қызы өздерінің анасын қорғауды өтініп, қоғамнан көмек сұраған. Қазіргі таңда қыздар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, ал аналары психиатриялық орталықта ем қабылдаудап жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.
Журналист Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, әйелді емханаға еріксіз түрде жатқызған, ал ішімдікке салынған әкесімен балаларды қайтадан қауыштырған.
Журналисттің мәліметінше, үлкен қыз Құралай өз жазбасында әкесінің бала кезінде оларды жиі ұрып, анасына да қол көтергенін айтқан.
«Әкеміз дегенімізбен ешқашан мейірімін сезінбедік, жылы сөз естімедік. Кішкентай күнімізден тек анамызды ұрып, бізге қатал болғаны ғана есімізде. Ішкенде мүлде басқа адамға айналатын. Көп жағдайда біз бес қыз үйден қашып, суықта далада қалатынбыз», — дейді Құралай.
Бүгінде 18 жасқа толған Құралай анасының жағдайы нақты анықталғанша төрт сіңлісін өз қамқорлығына алғысы келеді. Алайда қыздардың биологиялық әкесі бұған қарсы екенін айтқан.
Гүлмира Әбіқай бұл іске қатысты жергілікті билік пен бала құқықтарын қорғау органдарының әрекетсіздігін сынға алып, былай деп жазды:
«Құралай кәмелет жасына толған, анасының диагнозы нақтыланғанша сіңлілерін асырап алғысы келеді. Бірақ әкесі кедергі келтіріп отыр. Балаларға пайдасы жоқ адамды неге қайта қауыштыруға тырысады? Ақтөбедегі органдар неге бала құқығын қорғауға немқұрайлы қарайды?» — дейді журналист.
Фото: скрин