Биылғы қыстың алғашқы күні қазақстандықтарды қатты таңғалдырды. Еліміздің басым бөлігінде, тіпті дәстүрлі түрде аяз қысып тұратын солтүстік өңірлерде де қар жауған жоқ. Далада желтоқсан емес, наурыз айы келгендей әсер қалдырды. Мұндай ауа райы жай ғана табиғаттың «еркелігі» ме, әлде үлкен өзгерістің басы ма?
Tengrinews.kz тілшісі бұл құбылыстың себебін анықтап, маусымдық болжамды білді.
Синоптиктердің дерегінше, 1 желтоқсанда Астанада сынап бағанасы 0-ден +2 градусқа дейін көтерілген. Елордада жауын-шашын мүлдем болған жоқ. Алматыда күн одан да жылы (+3… +6 градус), ал Шымкентте ауа температурасы тіпті +10 градусқа дейін жетті.
Әсіресе, қысы қатал Солтүстік Қазақстанның қарсыз жатуы – сирек кездесетін құбылыс. Мамандар бұл жағдайды кездейсоқтық емес, климаттық жүйедегі ауытқу деп бағалап отыр.
Аномалияның басты себебі неде?
«Қазгидромет» мамандары қызықты дерек келтірді: қыстың алдындағы соңғы күн – 30 қарашада еліміздегі орташа ауа температурасы климаттық нормадан бірден 8-11 градусқа жоғары болған.
Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда орташа температура тұрақты түрде өсіп келеді (шамамен +0,36 градусқа). Бұл аз көрінуі мүмкін, бірақ табиғат үшін үлкен өзгеріс.
Климаттың жылынуы қыстың сипатын өзгертіп жіберді:
-
Қатты аяздар сиреді;
-
Қар жамылғысының түзілуі қиындады;
-
«Температуралық әткеншектер» (күннің бір суытып, бір жылынуы) жиіледі.
Енді қыс үнемі қарсыз бола ма?
Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Жауын-шашын мөлшерін болжау жылдан жылға қиындап барады. Егер бұрын қар қалың түссе, қазір ауа температурасы қолайлы болса да, аспаннан ылғал түспеуі мүмкін.
Батыс және оңтүстік өңірлерде қыс барған сайын жұмсарып келеді. Ал енді бұл тенденция солтүстікке де жетті. Егер осы бағыт сақталса, болашақта қарсыз қыс Қазақстан үшін қалыпты жағдайға айналуы ғажап емес.
Желтоқсан айында не күтіп тұр?
Синоптиктер 2025 жылғы желтоқсанға мынадай болжам жасады:
-
Температура: Республиканың көп бөлігінде норма шамасында, ал батыста нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.
-
Жауын-шашын: Елдің басым бөлігінде қалыпты мөлшерде күтіледі.
-
Құбылмалы ауа райы: Жылы күндер мен суық күндер алмасып отырады. Көктайғақ, тұман және боран соғуы мүмкін.
Алдағы 2-4 желтоқсан аралығында еліміздің көптеген аймақтарында жаңбыр мен қар аралас жауын жауады деп күтілуде. Сондықтан жолға шыққанда абай болған жөн.

