Өңірде жер қатынастары саласындағы тәртіпті реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ақмола облысының прокуратура органдары жердің мақсатты пайдаланылуын жүйелі түрде қадағалап, осының нәтижесінде игерілмеген және заңсыз берілген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылуда, деп хабарлайды Todayinfo
Жыл басынан бері 40-тан астам тексеріс пен талдау жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша ондаған жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтар — жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауы және жер телімдерінің сауда-саттықсыз, яғни аукционсыз, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінуі.
«Мұндай жағдайларда прокуратура қадағалау актілерін қабылдап, соның нәтижесінде жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, заң талаптарына сәйкес қайта бөлінеді», — деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы.
Мысалы, Ақкөл ауданында демалыс базаларын салуға арналған, бірақ игерілмеген 13 орман қоры жері бойынша жалға алу шарттары бұзылды. Ерейментау ауданында үш ірі ауыл шаруашылық жері, сондай-ақ ұқсас фактілер Жарқайың және Бурабай аудандарында да анықталды.
Прокуратура инвестициялық жобалар мен бау-бақша шаруашылығы желеуімен заңсыз бөлінген жерлер бойынша да бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, Зеренді ауданында сауда-саттық өткізілмей, жалпы ауданы 250 гектарға дейін жететін 30 учаске берілген. Бұл фактілер бойынша наразылық және сотқа дейінгі жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, жайылым тапшылығын шешу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қайтарылған ауыл шаруашылық жерлерінің бір бөлігі мал жайылымы үшін қоғамдық пайдалануға берілуде. Соңғы екі жыл ішінде облыста жайылым тапшылығы 100 мың гектарға қысқарды.
Бұдан бөлек, прокуратураның бастамасымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлерін қайтару бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар парк шекарасын заңсыз өзгертіп, жүздеген учаскені құрылысқа берген болатын. Қабылданған шаралардың арқасында ондаған гектар жер мемлекетке қайтарылып, игерілмеген жерлерді қайтару бойынша сот процестері жалғасуда.
«Жер заңнамасының сақталуын қадағалау – біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі. Ауыл шаруашылығы басым аймақ үшін әр гектар жердің қоғамға пайда әкелуі аса маңызды», – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары.
Жер қатынастары саласында қоғамдық мүдделерді қорғау бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

 
									 
					
