Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған Бурабай аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы және мердігер ұйым директорының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты.
Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, шенеуік пен мердігер сөз байласып, Зеленый Бор кентіндегі қазандықтың ауа өткізгішін жеткізу және монтаждау бойынша жұмыстарды қабылдап, құны 12 млн теңгеге жуықтайтын актілеріге қол қойған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалармен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.
«Сот үкімімен шенеунік — 2 жыл 4 айға, мердігер — 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, әрқайсысы мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқару құқығынан да айырылды», — деді ведомстводан.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы қылмыстық іс бойынша жария сот отырысына Бурабай ауданының әкімдігі мен құрылыс бөлімінің өкілдері шақырылды.
Жаза тағайындауда сот кінәлілердің келтірілген залалды өз еркімен өтегендерін, шенеуніктің кәмелетке толмаған балаларының болуын, екі сотталушының жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамаларын, соттылықтың болмауын — жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді.