Түркі жазуы күніне орай Көкшетау қаласында «Тұран өркениетінің асыл мұрасы» атты түркі жазуы күніне арналған конференцияның өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Шараның мақсаты — қазақ жазуының тарихына үңіліп, құнды мәліметтермен бөлісу.
Аталған конференцияға белгілі ғалымдар мен профессорлар, Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, тарих пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қызметкерлері қатысты. Шарада сөз сөйлеген спикерлер Түркі жазуының қалыптасуы жайында құнды деректер бөлісіп, өз ұсыныстарын айтты.
— Ежелгі түріктер өзіндік келбетке ие өркениеті мен жазу мәдениеті арқылы адамзат тарихының дамуына, ақыл-ой қазынасының кемелденуіне зор үлес қосты. Қадым замандарда-ақ озық мәдениетке қол жеткізген бабаларымыз өз әліпбиін түзіп, төл жазуын тасқа таңбалады, — деп Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы атап өтті.
Сарапшының айтуы бойынша, Түркология ғылымында бұл жазуларды «Орхон жазба ескерткіштері», «Енесей жазба ескерткіштері», «Талас жазба ескерткіштері» деп атайды.
— Түркі халықтарының тарихы, мәдениеті – жалпы азаматтық және рухани құндылықтары бір ғана тектен көктегеніне күмән жоқ. Содан барып олардың ортақ дүние танымы қалыптасқан. Түркологияда түркітілдес халықтардың тілінің тарихи тамырын бір арнадан іздеу ежелден бар үрдіс, — деп Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі, PhD докторы Ардаби Маулет, өзінің баяндамасында түркі халықтарының түбі бір екендігіне тоқтала отырып, ауқымды дәлелдер келтірді.
Аталған шараның түркі халықтары үшін маңыздылығын ескеріп, алдағы уақытта осындай шараларды жүйелі түрде өткізу керек – деп Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы өз ұсынысын білдірді.
Айта кетсек, «Тұран өркениетінің асыл мұрасы» атты конференция «Түркі жазуы» күніне орай ұйымдастырылған.
Аталған мереке жыл сайын атап өтілуде. Мысалы, өткен жылы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қарамағындағы Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Әзірбайжан, Татар және Чуваш этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен «Руна жазулары» атты түркі жазуы күніне арналған фестиваль өтті.
Алдағы уақытта да түркі өркениетінің болмысы мен мәдениетінен хабар беретін шараларды өткізу жоспарлануда.