Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығы төрт банк атынан бірлескен мәлімдеме жариялап, Ақмола облысы прокуратурасының таратқан ақпаратына жауап берді. Бұған дейін прокуратура әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі несиелер рәсімдеген қылмыстық топты әшкерелегенін хабарлаған еді.
Прокуратура таратқан дерек
2 қыркүйекте Ақмола облысы прокуратурасы 25 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты істің тергелгенін жариялады. Тергеу деректеріне сәйкес, ОПГ құрамында түрлі өңірлерден жиналған азаматтармен қатар кейбір банктердің қызметкерлері де болған.
Банктердің ресми жауабы
Алайда банктер өз мәлімдемесінде прокуратурадан ешқандай ресми хабарлама алмағандарын, сондықтан өздерінің бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің бұл іске қатысы бар екені туралы дерекке күмән келтіретіндерін айтты.
«Қазіргі таңда банктер прокуратура органдарына ресми түрде сұрау жолдайды. Бізге әзірге ешқандай құжат ұсынылған жоқ. Егер ресми деректер расталса, барлық банк құқық қорғау органдарына клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға барынша көмек көрсетуге дайын», – делінген мәлімдемеде.
Іскерлік беделге қауіп
Қаржы ұйымдары өздерінің беделін жоғары бағалайтынын және қызметін заңға толық сәйкес ашық жүргізетінін атап өтті. Сонымен қатар прокуратураны қоғамда үлкен резонанс туғызатын осындай мәлімдемелерге барынша салмақты қарауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында еліміздің әр өңірінен 25 адам болғаны туралы ақпарат тараған. Олардың арасында бірқатар банктердің (Kaspi Bank, Forte Bank, Eurasian Bank, Jusan bank) қызметкерлері, олардың қатысуымен 5 жылдан астам уақыт ішінде алаяқтық әрекеттер жасалған.
Республиканың 348 азаматы қылмыстың құрбаны болып, келтірілген шығын 3,7 млрд теңгені құрады деген ақпарат тараған болатын.