Танымал әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Алматыда қайғылы жағдайда қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Қамиттің өліміне қатысты әлеуметтік желіде үн қатты. Өнер иесі істің 10 ай бойы шешілмей келе жатқанына және күдіктілердің бостандықта жүргеніне алаңдаулы екенін ашық жазды, деп хабарлайды Todayinfo.
«Ақнәрдің ғұмыры қасақана қорланып қиылды. Камерада бәрі анық көрініп тұр – оны итеріп құлатып, азаптаған сәттер жазылған. Бірақ қылмыстық іс неге созылып кетті? Неліктен әділет орнамай отыр?» – деп жазды Ақбота-Нұр өз парақшасында.
Өнер иесі қылмыстық жауапкершіліктен жалтару әрекеттерін сынап, бұл оқиғаны тек бір адамның емес, қоғамдық қауіпсіздік мәселесі ретінде бағалауға шақырды.
«Ақнәр – мәдениетті, тәрбиелі, инабатты қыз еді. Осындай балалар қатігез адамдардың қолынан өле берсе, біздің болашағымыз қандай болмақ? Сот органдарынан, құқық қорғау саласынан әділ шешім күтеміз», – деп жазды ол.
Ақбота-Нұрдың жазбасы әлеуметтік желіде кең таралып, көптеген қолданушы қолдау білдіріп жатыр. Қоғам белсенділері мен заңгерлер де істің мейлінше ашық жүргізілуін талап етуде. Бұл жағдай қыздардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды.