Фото: Анадолы
Орыс жауынгерлері Украин топырағын тыңайтып жатқан тұста, Кремль тағы бір интригаға тұмсық тығып жатыр деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі Ertenmedia-ға сілтеме жасап.
Қазақстанға ерекше екпін беріп, Ресей агрессиясының қауіп-қатерін талдаған Washington Post-тың мәліметінше Мәскеу жақын уақытта іргедегі көршілерін түртпектей бастайды. Киевті үш күнде басып алмақ болған Кремльдің басқа елге соғыс ашуға дәрмені жоқ. Сол себепті арандатудың астыртын амалдарына көшеді.
«Орыстар дезинформация, іштен іріту, барлау қызметі арқылы тұрақсыздық туғызуды мақсат тұтып отыр. Осыған дейін Шығыс Еуропа елдерінде сыналған алгоритмді енді Қазақстан мен Әрменияда тексеріп көрмек», — дейді Washington Post.
Басылымның жазуынша, соңғы жылдары Астана мен Ереван Мәскеуден алшақтай бастаған. 2024 жылы Кремльге тапсырған құпия баяндамасында премьер Мишустин Ресейдің Қапқаз бен Орта Азиядан айырылып жатқанына қапаланып, шара қабылдауды сұрағанға ұқсайды. Аймақ қазір АҚШ үшін стратегиялық маңызға ие. Орта Азияда сирек металдың орасан зор қоры бар.
«Сирек металдың қоры бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Орта Азия Қытай мен Еуропаны жалғайтын «Орта дәліздің» жүрегі екенін, дәліз Ресей мен Иранды айналып өтетінін ұмытпау керек.
Мәскеудің соңғы уақытта Қазақстан мен Әрменияға шүйлігуі бекер емес. Елдің теріскейінде «орыстілділердің құқығы бұзылып жатыр» деген пропаганда күшейу үстінде. Ресей дәл осы сценарийді Украинаға қарсы пайдаланған еді», — дейді америкалық басылым.
Washington Post-тың пайымдауынша Қазақстан Мәскеу үшін өте-мөте ыңғайлы нысана. Кремль көсемі қол астындағы пропагандистерге Астанаға қарсы абалауға ерік беріп қойған. Путиннің барлаушылары қазір қазақстандық элита ішінен жақтас іздеп, қоғамдық пікірге ықпал етуге күш салып жатқанға ұқсайды.
Мақала авторларының пікірінше, Ақорда теріскейден төнетін қауіп-қатерге төте бере алмасын түсінеді. Сол себепті Тоқаев АҚШ, Батыс, Қытай және Түркиямен саяси әріптестікті күшейту үстінде.
«Қазақстанда әмірикалық компаниялардың экономикалық мүддесі болса, Мәскеудің қолы байланып, агрессиясы қиындайды. Уашингтон сирек метал мен энергетика саласындағы келісім арқылы Астананың аймақтағы ықпалын арттырып, солтүстіктегі тұрақтылықты күшейте алады», – дейді сарапшылар.
Авторлар АҚШ-тың белсенді экономикалық, дипломатиялық және технологиялық араласуы Кремль ықпалына қарсы қалқан боларына сенімді.
«Орыстар көрші елдерді бірде-бір оқ шығармай-ақ іштен іріте алады. АҚШ-пен алыстан араласып, әріптестіктен қашар болса, күні ертең Кремль білгенін істейтін болады», – дейді олар.
Сараптаманы АҚШ әскери-теңіз күштері министрінің экс-орынбасары Сет Кропси мен Turan зерттеу орталығының директоры Жөзеф Епштейн әзірлеген екен.
