Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бірқатар тексерістен кейін Алматы облысында мұғалімдер тарапынан оқушыларға көрсетілген қорлық жайлы айтты,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Мемлекет Басшысы тапсырмасының аясында осы айда біз мемлекеттік органдар, Балалар құқықтарын қорғау комитетімен бірге Алматы облысының 7 ауданындағы мектептердегі жағдайға іріктемелі тексеріс жүргіздік. Өкінішке қарай, Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы – бұл облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі», — деді ол.
Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталары зерттелген. Нәтижелері бізді селт еткізді.
«Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалардан ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық фактілері тіркелген. Сонымен қатар, мұғалімдер тарапынан да дене шынықтыру және алгебра пәні сабақтарында тиіспе әрекеттерге қатысты шағымдар түскен. Еңбекшіқазақ ауданында екі оқушы мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен», — деді ол.