Жыл сайын БЖЗҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп, зейнет жасына толған, бірақ Қорға жүгінбеген тұлғаларды анықтау мақсатында салыстыру жұмыстарын атқарады. Бұл жұмыс барысында олардың мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен базалық төлем алып-алмағаны да ескеріледі, деп хабарлайды Todayinfo.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша сұралмаған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 37,3 млрд теңге. Бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында сақтаулы. Олардың ішінде:
• 148 335 адам қайтыс болған (жинақтары мұрагерлеріне беріледі);
• 59 800 адам Қазақстаннан тыс елдерге тұрақты тұруға кеткен;
• 56 560 адам зейнетақы рәсімдеу үшін ХҚКО-ға жүгінбеген.
Сұралмаған зейнетақы жинақтарын төлеу және сақтау тәртібі қалай жүргізіледі
Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері негізінде БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін проактивті түрде, яғни автоматты форматта рәсімдейді. Егер азамат зейнеткер ретінде мемлекеттік бюджеттен төлем алып жүрсе және БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар болса, Қор оған төлемді автоматты түрде бастайды.
Сұралмаған зейнетақы жинақтары салымшы немесе мұрагер тарапынан талап етілгенге дейін жеке шоттарда сақталады және инвестициялана береді. Бұл жұмысты ҚР Ұлттық Банкі мен жеке инвестициялық портфель басқарушылары жүзеге асырады.
Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады?
• Егер зейнеткерлік жасқа жеткен азамат БЖЗҚ-дан төлем рәсімдемесе, ол өз тұрғылықты жеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгінуі қажет.
• Шетелге тұрақты тұруға кеткен адамдар тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда өз жинақтарын ала алады.
• Салымшы қайтыс болған жағдайда, отбасы мүшелеріне оның жинағы есебінен жерлеуге біржолғы төлем (94 АЕК көлемінде) беріледі. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұра ретінде рәсімделеді.
Мұрагерлікке құқық алу үшін мұрагерлер 6 ай ішінде нотариусқа жүгінуі тиіс. Бұл мерзім өтіп кетсе, мұрагерлік құқықты қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну қажет.
Қажетті құжаттар тізімі мен толық ақпарат enpf.kz сайтында «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде қолжетімді.
Фото:gov.kz