Фото: Абай облысының әкімдігі
Абай облысының Ақсуат ауданында жаңа спорт нысандары салынып жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Биыл Ақсуат ауданының Екпін және Ойшілік ауылдарында жаңа спорт модульдері бой көтеруде. Екпін ауылындағы нысан құрылысының шамамен 90 пайызы аяқталды. Ғимараттың қабырғалары орнатылып, шатыры жабылған, ішкі әрлеу, жылу жүйесін монтаждау және жарықтандыру жұмыстары орындалуда.

Ойшілік ауылындағы спорт модулінің құрылысы шілде айында басталған. Қазіргі уақытта қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылды. Ішкі әрлеу, жылу жүйесін тарту, өрт қауіпсіздігі құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сыртқы жүгіру жолы, футбол және баскетбол алаңдары жасалып жатыр.
Ақсуат ауданында 51 спорт нысаны жұмыс істейді. 2024 жылы ауданның 9 ауылында шағын-футбол және футбол алаңдары салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Қазіргі таңда 14 мектепте 16 спорт залы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2 зал, Ақсуат колледжінде 1 зал және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2 спорт залы жұмыс істейді. Аудан аумағында 26 ашық спорт және балалар алаңы, 20 футбол алаңы, 3 воркаут алаңы, 1 стадион және 1 ипподром тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар дзюдо, қазақ күресі, гир спорты, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және волейбол, футбол, баскетбол сияқты командалық спорт түрлері белсенді дамып келеді. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 840 бала жаттығады. Оларға 40 бапкер-жаттықтырушы жетекшілік етеді. Соңғы 3 жылда мектеп тәрбиеленушілері 80-нен астам жарыста жүлдегер атанған.

