Телеграм-арна Baza Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer-190 ұшағының диспетчерлермен сөйлесулерінің толық стенограммасын жариялады. Todayinfo.kz порталының хабарлауынша, стенограммаға сәйкес, Грозныйға қонбау, Махачқалаға ұшпау, содан кейін Бакуге оралу және ақырында Ақтауға бағыт алу туралы барлық шешімдерді AZAL экипажы өз бетінше қабылдаған.
Стенограммада ұшақ бортында оттегі баллонының жарылғаны немесе қозғалтқышқа құстың соғылғаны туралы болжамдар экипаж мүшелері тарапынан айтылғаны көрініс тапқан.
Baza бұл ақпаратты қайдан алғанын ашып айтпады. Ресми түрде стенограмманың толықтығы мен анықтығы да расталмаған. Алайда желтоқсанда болған әуе апатынан кейін біз ұшқыштар мен диспетчерлер арасындағы сөйлесулердің үзіндісін басқа дереккөзге сілтеме жасап жариялаған едік, және бұл мәтіндер сәйкес келгенін атап өтеміз.
Ол кезде Грозный диспетчерлерімен болған сөйлесулер жарияланған болатын. Енді Ростов және Ақтау диспетчерлерімен болған әңгімелер қосылды.
Ростов диспетчерлерінің сөйлесулерінен үзінділер (Э — экипаж, Д — диспетчер):
— 8:27:13 Э: Ростов-Контроль 134,1, Әзербайжан 82-43.
— 8:27:32 Э: Ростов-Контроль, Әзербайжан 82-43, қайырлы күн. Баку бағытына рұқсат сұраймыз.
— 8:27:41 Д: Қайырлы күн, Әзербайжан 82-43, Ростов-Контроль.
— 8:27:47 Э: Әзербайжан 82-43, биіктік 80 эшелон, Бакуге ұшуға рұқсат бересіз бе? Рульдік басқару істемей қалды, газ секторларын қолданудамыз.
— 8:28:03 Д: Әзербайжан 82-43, Ростов-Контроль, танылды. Сіз Бакуге ұшу шешімін қабылдадыңыз ба?
— 8:28:09 Э: Иә, иә, осы биіктікте Бакуге ұшамыз.
— 8:28:14 Д: 90 эшелонда екеніңізді растаңыз.
— 8:28:17 Э: Дұрыс, 90 эшелонды ұстап тұрмыз, Баку бағытына жалпы курсты беріңіз.
— 8:28:41 Д: Әзербайжан 82-43, әзірге жалпы курс жоқ. Жеткен кезде қандай көмек қажет болатынын хабарлаңыз.
— 8:28:53 Д: Әзербайжан 82-43, Ростов-Контроль.
— 8:28:56 Э: Қабылдадық. Әзірше көмек қажет емес, Бакуге ұшып барамыз.
— 8:29:02 Э: Басқару істемей қалды, газ секторларын қолданудамыз.
— 8:29:07 Д: Әзербайжан 82-43, ағымдағы курсты хабарлаңыз.
— 8:29:18 Э: Курс 100 градус (түсініксіз).
— 8:29:22 Д: Әзербайжан 82-43, қайталаңыз, түсініксіз болды.
— 8:29:28 Э: Курс 90, Әзербайжан 82-43.
Ростов пен Ақтау диспетчерлерімен сөйлесулердің толық мазмұны кейінгі уақытта жарияланды.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Баку – Грозный рейсін орындаған жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырады. Апатта 38 адам, соның ішінде алты Қазақстан азаматы қаза тапты.