Ақтау қаласында жолдың бойындағы құдық қараусыз қалған.Салдарынан қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды Todayinfo.
Себебі жылу құбыры жарылып, іші ыстық суға толып кеткен. Денесінің 30 пайызы күлдіреп қалған оқушы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
«Балада екі санының, балтырының екінші, үшінші дәрежелі күйік ауруымен келіп түсті. Келген кезде жағдайы өте ауыр болды. Балада күйік ауруының деңгейі – 30 пайыз. Травматикалық шоктың болуына байланысты реанимация бөлімшесіне жатқызылған болатын. Қарқынды терапия бойынша баланың қазіргі жағдайы ауыр. Динамикасы тұрақты. Есі айқын баланың», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Мереке Бекбаев.
Қаланы жылумен, сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме мамандары құбырдан ақау шығып, жарылғанын мойындап отыр. Коммуналдық апат болған жерде шұңқыр пайда болып, ішіне ыстық су жиналған. Сол құдыққа көшеде ойнап жүрген бала құлап кеткен. Осы оқиғадан кейін кішкентай науқастың анасы коммуналдық мекеме басшыларын жауапқа тартуды талап етуде. Ал, облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, апатқа кінәлілер анықталып жатқанын хабарлады.
«Кеше сағат жеті жарым шамасында оперативно диспетчерлік службаға заявка түскен. Теплосетте порыв болып жатыр деп. Біздің қызметкерлер 20 минуттың шамасында келіп, порывты анықтап, суды жапты. Сол уақытқа дейін бала түсті. Астында магистралдық желі болған соң порывың қатты болуы себебінен шұңқыр пайда болған. Сол уақытқа бала түсіп кеткен. Осы хабардың алдында», — деді «Каспий жылу су арнасы» мекемесі басшысының орынбасары Рауан Жеңіс.