Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының бұрынғы директоры лауазымын теріс пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін сотталды. Сот айыпталушыға бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасын кесті.
Ақтөбе қалалық №2 сотында аталған орталықтың бұрынғы басшысы Ляйла Омароваға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану», «Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу» баптары бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, Халық шығармашылығы орталығы мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің маркетинг жөніндегі маманы 2022 жылдың мамыр айында директор Л.Омароваға жолығып, денсаулық жағдайына байланысты қызмет ете алмайтынын, бірақ атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыстан шығармауын өтінеді. Екеуі өзара келіскен соң 0,5 жүктемемен жұмысқа қайта қосу туралы бұйрық шығарылады. 2022 жылдың маусым айынан 2023 жылдың тамыз айы аралығында қызметкер жұмысқа келмейді, бірақ оған жалақы төленеді. Бюджетке жалпы сомасы 904 148 теңге шығын келтірді.
Сондай-ақ жазушы Т.Ахтановтың 100 жылдығына арналған «Театр-өнердің ұлы көші» аймақтық халықтық театрлар фестивалін өткізу кезінде сіңілісі А.Омароваға өтініш айтып, оның енесінің атына жеке кәсіпкерлікті тіркетеді. «Қазылар алқасының мүшелерін, қонақтарды, іс-шараға қатысушыларды тұрумен және тамақтандырумен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» лоты бойынша 6 243 000 теңгеге сатып алу жарияланған, онда 3 745 800 теңге ұсынып, құдағайы жеңімпаз атанды. 2023 жылдың 27 наурызында мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарты жасалған. Алайда 2023 жылдың 10 сәуірінде қосымша келісім жасап, ақшаны 6 243 000 теңгеге жеткізді. Жұмыстың орындалғанын дәлелдейтін актілерден соң жеке кәсіпкерлікке ақша толық аударылды. Директор Л.Омарова жеке кәсіпкердің есепшотына түскен ақшаның 10% кәсіпкерлік қызметтен түскен пайда ретінде ұстап қалды. Сонымен бірге өзге ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында өзі жүреді.
Сот отырысында сотталушы Л.Е.Омарова кінәсін толық мойындап, өкінетінін, процестік келісімге өз еркімен келгенін айтты. Әрі 904 148 теңге шығынды өтеуге келісті. Сот үкімімен Ляйла Омарова екі қылмыстық іс бойынша да айыпты деп танылып, түпкілікті мемлекеттік қызмет, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен бірге пробациялық бақылауға алынды. Л.Омарова жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.