[Ақтөбе облысында табиғи апаттан 1 мың үйге зақым келді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Су тасқынынан өңірде 1 087 тұрғын үй, 47 ғимарат пен құрылыс, 232 аула, 852 саяжай зақымданған. Су тасқынына қарсы күреске 720 маман, 185 техника, 11 қайық, 8 су сорғыш жұмылдырылды», — деді Асылбек Есенбаев ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен 206 адамға 64 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленген.
«Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға 2 пункт ашылды. Барлығы 300 тоннаға жуық тауар жиналды. Оның 235 тоннасы көмекке мұқтаж тұрғындарға таратылды. Бұл жұмысқа 8 500 волонтер атсалысып жатыр. Бүгін түнде Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келді», — деді әкімнің орынбасары.
Сөз соңында ол су тасқыны салдарынан келген материалдық шығынның есептеліп жатқанын атап өтті.