Ақтөбе химия зауытының орнын тазартуға арналған жобалық-сематалық құжатқа биыл түзетулер енгізілуі тиіс. Ал тазарту жұмысы үшін қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі мүмкін.
Ақтөбе облысы Алға ауданындағы химия зауытының қалдығы қазіргі кезде Елек өзенін ластап тұр. Зауыт орнындағы қалдыққы тазарту, зарарсыздандыру жұмыстары үшін алғашқы жобалық-сметалық құжат 2017 жылы жасала бастады. Бірақ әлі күнге дейін бекітілмеді.
«2017 жылы жобалық-сметалық құжат жасала бастады. Алайда облыстағы қоғамдық ұйымдар мен белсенділер арасында көп сұрақ туындап, мемлекеттік сараптама қорытындысы сотта қаралды. Жоғары сот арызды кері қайтарғанымен, арада 3 жыл өтіп кетті. Сөйтіп жобалық-сметалық құжат ескіріп қалды. Экологтар көтерген кейбір сұрақ орынды деп танылды. 2024 жылы осы жобаға қайта түзету енгізіледі. Бұл жұмыс республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Ескісіндегі кемшілік – түгендеу жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Кейбір қалдық есепке алынбаған. Биыл қоғамдық ұйымдар, ғалымдар және сонда жұмыс істеген адамдармен бірге жаңа құжат дайындағымыз келеді. Жерасты инфрақұрылымы да ескерілуі тиіс. Жоба жергілікті, ал зарарсыздандыру жұмысы республикалық бюджет есебінен жүргізіледі», -деді Ақтөбе облыстық Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.
Еске салсақ, Ақтөбенің Алға қаласында С.Киров атындағы химия зауыты болды. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істеп, өндіріс орны 90 жылдардың соңына дейін сақталды.
Банкрот болған компанияның қазір қаңыраған нысандары ғана қалды. Бәрі улы, зиянды болған соң оны көміп, залалсыздандыру қажет. 2017 жылғы мәліметке сүйенсек, Алға химиялық зауытының орнын залалсыздандыруға 7 млрд теңге қажет.