Ақтөбеде орын алған үш адамның кепілге алыну оқиғасына байланысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» және «Адамды кепілге алу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
13 қаңтар күні кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына адамдарды кепілге алу туралы хабар түскен. Ақпаратқа сәйкес, белгісіз ер адам тұрғын үйлердің біріне кіріп, бойжеткенді кепілге алған.
Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы, арнайы жасақ, және барлық жедел қызмет өкілдері дереу жұмылдырылды. Арнайы операция нәтижесінде полиция күдіктіні ұстап, кепілге алынған адамдарды босатты.
Кепілге алынғандардың ішінде егде жастағы ерлі-зайыпты алған жарақаттарынан көз жұмды. 40 жастағы әйел орташа ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Кейін белгілі болғандай, күдікті – жараланған әйелдің бұрынғы жігіті. Оның бұл қылмысқа қандай себеппен барғаны тергеу барысында анықталады.
Бұл оқиға Ақтөбе жұртшылығын дүр сілкіндірді. Құқық қорғау органдарының жедел әрекеті арқасында кепілге алынған адамдар босатылғанымен, қайғылы оқиға екі адамның өлімімен аяқталды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.