Ақтөбеде терроризм актісі туралы хабарламадан соң бірінші ауысымда оқитын балалардың басым бөлігі сабаққа бармай қалды. Оларға қосымша тапсырма беріліп, сабақ онлайн өткізілген, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, Ақтөбе қаласында 119 мектеп бар. Оның 87-сі мемлекеттік.
«Ақтөбе қаласында жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ. Жалпы білім мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Олардың қауіпсіздігін полиция жасақтары қамтамасыз етеді. Оқу орындарында, оның ішінде бейнебақылау жүйесі арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жасақтар білім беру ұйымдарына барынша жақын. Азаматтардан арандатуға берілмей, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Бүгін бірінші ауысымда оқитын 57 924 баланың 8 558-і сабаққа келді. Бұл — шамамен оқушылардың 15%. Ал полиция күзетті күшейтті. Еске салсақ, кеше Ақтөбе қаласындағы мектептерге шабуыл жасалатыны туралы хабарлама тарады.
Кейін Ақтөбе облысының әкімі мен облыстық ПД бастығы мектептерді аралап шықты.Кешкілік хабарлама таратып, үреу тудырған 18 жастағы шетелдік анықталды.