Ақтөбе қаласында ойын-сауық орталығында болған қайғылы оқиғада 5 жастағы Аяла есімді қыздың бас бармағын механизм жұлып әкетті.
Қыз бала отбасымен бірге Қобда ауданынан келген. Балаларды ойын орталығына апарған кезде, Аяла құбырға жармасып қалған. Сол сәтте саусағы қозғалып тұрған тізбекке түсіп кетіп, қатты зақымданған.
Дәрігер Қуантай Махамбетовтің айтуынша, жарақат өте ауыр, саусақты қайта тігу мүмкін емес:
«Палецті механизм мыжып, толық үзген. Жарақат күрделі, қайта қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ», – деді ол.
Қыздың анасы Алтын Шалабаева парк әкімшілігін кінәлап отыр. Оның айтуынша, балалар ойнайтын жерде ешқандай қорғаныс жабдықтары болмаған, ал қызметкерлер кішкентай келушілерге қарамаған.
Полиция аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабымен іс қозғады. Ал ойын орталығының өкілдері пікір білдіруден бас тартып, журналистерді нысанға кіргізбеді.