Фото: vecher.kz
Елордада өтіп жатқан брифинг барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы астық жинау науқанының қорытындысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жиын кезінде БАҚ өкілдері Аршалы ауданындағы ірі жер телімдерінің сатылуына қатысты сұрақ қойды. Белгілі болғандай, 2008 жылы Ұйғыр мәдени бірлестігі Аршалы ауданының Қостұмар ауылынан 200 гектар жер телімін алған. Бірлестіктің сол кездегі төрағасы, қазір құрметті төраға болып отырған Ахметжан Шардинов кейін бұл жерлерді жеке азаматтарға сатқан.
Алайда, тұрғындардың айтуынша, біраз уақыт өткен соң бірлестік басшылығы жердің мемлекеттік актісін (ГОС акт) қайта тартып алып, сатып алушыларды меншік құқығынан айырған. Осыған байланысты жер иеленушілер тобы бүгін Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, ақшаларын қайтара алмай жүргенін мәлімдеді.
Айтуларынша, өткен жылы Алматы соты Ұйғыр мәдени орталығының мәмілелерін заңсыз деп таныған, бірақ сот шешімінен кейін де мәселе шешілмей отыр.
Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі Марат Ахметжанов жағдайдан хабардар екенін айтты:
«Бұл мәлімет менде бар. Қазіргі таңда іс бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Ол Ішкі істер органдарының бақылауында», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ журналистер бұл істің ұзаққа созылуы мен тоқтап қалуына Ахметжан Шардиновтың ұлының прокурор болуы әсер еткен-етпегенін нақтылауға тырысты.
Оған жауап ретінде Ахметжанов:
«Мен бұл мәселені Ішкі істер министріне ресми сауал ретінде жолдаймын және істің тезірек шешілуіне ықпал етемін. Бірақ не себепті тергеу тоқтап тұрғаны және Шардиновтың неге бостандықта екені туралы нақты ақпарат менде жоқ», – деп жауап берді.
Айта кетсек, Аршалы ауданы соңғы жылдары жер телімдерінің заңсыз сатылуы мен меншік құқығы даулары жиілеген аймақтардың бірі. Әсіресе Қостұмар, Ақбұлақ және Есіл ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің заңсыз берілуі мен қайта сатылуы жиі тіркеліп келеді. Бұл мәселелерге қатысты қазір бірнеше қылмыстық іс қозғалып, облыстық прокуратура мен ІІМ бақылауына алынған.

