Атыраудағы «Иманғали» мешітінің ішіндегі дереккөздің айтуынша, облыстың биыл тағайындалған бас имамы Болатбек Абуов Дін істері комитетінің аймақтағы экстремизмнің алдын алуға қатысты іс-шарасына кедергі келтірген, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жергілікті имамның мемлекеттік органдар жоспарлаған семинарға қарсы пікір білдіргені аудио-видеода анық естіледі.
Атырау — радикалды діни ағымдар жиі тіркелетін өңірлердің бірі. Соған байланысты Дін істері комитеті мен арнайы қызмет мамандары халықты жат идеологиядан сақтандыру мақсатында өңірлерге білікті мамандарды жіберіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай шараға шақырылған мамандардың қатарында белгілі дінтанушы Асқар Сабдин мен әлеуметтік желіде кең таралған Нұрлан (TikTok-имам) Асанов болған.
Асқар Сабдин — экстремизмнің алдын алу институтын басқарған, радикалды көзқарастағы азаматтарды оңалту бойынша көп жылдық тәжірибесі бар маман. Ал Нұрлан Асанов дінді қазақы салт-дәстүрмен ұштастырып насихаттап, радикал көзқарастардан сақтандыру бағытында жиі уағыз айтады.
«Алайда дереккөз таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыстың бас имамы осы мамандардың Атырауға келуіне өз қарсылығын білдірген.
Атырауда Болатбек Абуовқа дейін қызмет еткен Алтынбек Ұтысқан кезінде Асқар Сабдин бірнеше рет өңірге келіп, экстремизмге қарсы семинар өткізген. Сол кезде бас имам тарапынан ешқандай қарсылық болмағаны, керісінше, молдаларға қолдау көрсетілгені айтылады. Сарапшылар Атыраудағы діни ахуалға ең белсенді араласып, радикализммен күрескен имамдардың бірі — дәл осы А.Ұтысқан екенін еске салады», -деп жазды Ораз Әлім.
Сондай-ақ 2005 жылдан бері радикалды ағымдарға қарсы жұмыс істеп келе жатқан Атырау қаласының бас имамы Эммат Ғұмаровтың да аты аталады. Ол аймақтағы діни жағдайды жақсы білетін тәжірибелі маман саналады. Соған қарамастан, Бас имам Б.Абуов оны «Құспан молда» мешітіндегі қызметінен кетіруге тырысқан деген ақпарат тараған.
Жергілікті дін қызметкерлерінің пайымдауынша, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов пен аймақтық бас имам Болатбек Абуов тарапынан соңғы кезде экстремизмге қарсы жұмыс істеп жүрген мамандарды шеттету әрекеті байқалады. Ал дереккөз таратқан аудиода бас имамның мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан діни қауіпсіздік шараларына ашық қарсылық білдіргені жазылған.
Қоғам белсенділері бұл жағдайды алаңдаушылықпен қабылдап, Атыраудағы діни ахуалға қатысты қосымша тексеріс қажет деп санайды.

