Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Қарағандыдағы этномәдени бірлестіктер өкілдері Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық порталы.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ел бірлігінің нығаюына үлес қосып жүрген бүкіл азаматқа алғыс айтты.
«Көктемнің алғашқы күні жылылық пен мейірімге толы. Бүгінгі Алғыс айту күні қасиетті Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келді. Үлкен-кіші, алыс-жақын бір-біріне ризашылық білдіріп, ақжарма тілегін жаудырып жатыр. Осындай мейірім жауған күні Қарағандыдағы этномәдени бірлестіктер өкілдері Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойды. Бұл — Қазақтанды Отаным деп танитын түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтып, ризашылық білдіруінің символы»,- деді ол.
Әлібек Әлденей Қазақстан халқы ассамблеясының атқарған шаруасына тоқталды.
«Өткен аптада ғана Қарағандыда ҚХА Ақсақалдар кеңесінің республикалық форумын өткіздік. ҚХА 30-жылдығына орай еңбек адамдарына арналған «Адал азамат» жобасының жеңімпаздарын марапаттадық. Ассамблея осындай игі істердің басы-қасында болып, ел бірлігі мен егемендікті сақтауға үлес қосып келеді.
Бір-біріміздің жақсы ісімізді құптап, игілікке бастап жүргенге не жетсін. Елдің елдігі де сонда.
Сөзімен де, ісімен де Тәуелсіздігімізді нығайтуға, мемлекетімізді өркендетуге еңбек етіп жүрген әрбір жанға алғыс айтамын!
Бірлік пен ынтымақтың, қайырымдылық пен ізгіліктің бастауы саналатын қасиетті ай әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін!» — деді ол.