Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі басталды. Сот отырысы елорданың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Сотқа блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова, сондай-ақ, олардың адвокаттары Анна мен Олег Черновтер келді. Алайда сот блогердің әйелін залдан шығарып жіберді.
Сот отырысы басталған сәтте Эльмира Төлегеноваға судья Малика Ноғайбекова былай деді.
«Сізге қатысты Қылмыстық кодекстің 445-1 6-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Осыған байланысты сіз істің нәтижесіне мүдделі болуыңыз мүмкін. Сондықтан, сот залынан шығуыңызды сұраймын», — деді судья.
Сот отырысының алдында блогер Ерболат Жанәбіловке журналистер курстардан түскен кірістен салық төлейсіз бе деген сұрақ қойды.
«Біз әрдайым төледік, төлейтін де боламыз», — деп жауап берді ол.
Уәкілетті органдардың мәліметінше, блогер Instagram арқылы заңсыз лотерея ретінде саналатын көлік, ақша және бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындарын өткізген.
«Оның (Жанәбіловтің — еск.) (лотерея — еск.) өткізуге рұқсаты жоқ, бірақ оның қажеті де жоқ. Ол оператор арқылы әрекет етуге тиіс емес, олар қызмет көрсеткендіктен, қызметін өздерінің оқу курсы түрінде сатқан болып шығады. Лотерея туралы заңда ұтыс ойыны сатылым мен қызметтерге бағытталған болса, бұл лотерея емес екені нақты айтылған. Бүгінде бәрі ұтыспен айналысады, бірақ қандай да бір себептермен Жанәбіловтерге ерекше назар аударылып отыр»,- деді адвокат Олег Чернов.
Министрліктің Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитеті өкілінің хабарлауынша, 21 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Жанәбіловтің әрекетіне қатысты eOtinish платформасы арқылы сегіз шағым түскен. Бұл деректер іс материалдарына қосылды.
Бұл оқиғадан кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 18-21 тамыз аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.