Бүгін, 2025 жылғы 20 қазанда Астанада Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған Екінші шахмат Олимпиадасы (2nd Chess Olympiad for People with Disabilities) басталды. Паралимпиада жаттығу орталығы осынау бірегей оқиғаның аренасына айналып отыр. Іс-шараны ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан шахмат федерациясы (Kazchess), ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті. Олимпиадаға Freedom Holding, Freedom Шапағат қорпоративтік қоры, Air Astana қолдау көрсетті.
Ашылу салтанатына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Ол ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олимпиада қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Қазақстанның инклюзивтілік қағидатына негізделген шахматты жан-жақты дамыту бастамасын белсенді қолдайтынын атап өтті.
Бұл Олимпиада мемлекет тарапынан шахматқа көрсетіліп отырған ерекше назардың айғағы ғана емес, сонымен қатар тең мүмкіндіктер қағидатын табанды ілгерілетуге деген берік ұстанымымызды дәлелдейді, бұл өз кезегінде Әділетті Қазақстан тұжырымдамасына толық сай келеді.
Өз сөзінде Ерлан Қарин сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатында барлық азаматтар үшін тең жағдай жасауға ерекше мән берілетінін айтты. Мүгедектігі бар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға мүмкіндік жасау мақсатында жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Олимпиадаға 29 елдің 34 командасы қатысады. Жарыс «төртке төрт» форматында өтеді. Командалар аралас. Олардың қатарында есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымдалған (ТҚАЗ) ойыншылар бар. Әр командада кем дегенде бір әйел болуы керек. FIDE рейтингі бар екі ойыншының болғаны жөн. Команда капитаны да ойнауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының (Kazchess) баспасөз қызметі хабарлады.
Еуропаның намысын 8 команда: Польша, Венгрия, Германия, Израиль, Солтүстік Македония, Сербия, Хорватия және Чехия құрамалары қорғайды. Азияның 7 елі: Бангладеш, Үндістан, Мьянма, БАӘ, Өзбекстан, ФИДЕ-1 және Филиппин жарысқа өз командаларын жіберді. Солтүстік және Оңтүстік Америкадан 7 құрама: Аргентина, Венесуэла, Колумбия, Панама, АҚШ, Чили және Куба қатысады. Африкадан жарысқа 5: Египет, Замбия, Зимбабве, Кения және Уганда командасын жіберді. Үш команда халықаралық қауымдастыққа өкілдік етеді: ICCD (есту қабілеті бұзылған), IBCA (көру қабілеті бұзылған) және IPCA (ТҚАЗ). FIDE президенті екі команданы: Қазақстан ICCD және ФИДЕ-2 ұсынды. Жарысты қабылдаушылар екі құраманы: Қазақстан-1 және Қазақстан-2 қатыстырады.
Польша турнирдің фавориті болып есептеледі. Оның ойыншыларының орташа рейтингі — 2296. Құрамы 2023 жылы жеңіске жеткен құраммен бірдей дерлік: гроссмейстер Марцин Тазбир (2516), FIDE шебері Марцин Моленда (2370), FIDE шебері Павел Пекельный (2308), әйелдер арасындағы FIDE шебері Лилиана Лешнер (1991) және Михал Воляньский (1990). Израиль құрамасы да мықты (орташа рейтингі 2189). Көшбасшысы — гроссмейстер Йегуда Грюнфельд (2368). Қазақстан ICCD (рейтингі 1930) командасында FIDE шебері Серік Сұлтанов (2183), Юрий Бибиков (1995), FIDE шебері Мұрат Жүнісов (1952), Еңлік Егембаева (1591) және Бақытжан Нұрақ (1454) бар. Қазақстан-1 (рейтингі 1905) құрамында FIDE шебері Виктор Максименко (2148), Амангелді Наурызғалиев (1931), Самажан Кеттебеков (1903), Максим Рожков (1734) және Нина Жуковская (1639) бар. Қазақстан-2 (рейтингі 1844) — ең жас команда. Оның құрамында Әлімжан Аяпов (2011), Марат Қожамұратов (1884), Нұрғиса Қуанышұлы (1838), Ерлан Нұрхаев (1835) пен Айғаным Қамбарова (1643) бар. Бұл команданың сапында ойнайтын көру қабілеті бұзылған юниорлар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері 12 жасар Нұрғиса Қуанышұлының орны ерекше.
Турнир 25 қазанға дейін жалғасады. Алғашқы бес тур 20-24 қазан аралығында өтеді. Алтыншы тур 25 қазанда басталады. 25 қазанның кешінде марапаттау және жабылу рәсімі өтеді.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов турнирдің маңызын атап көрсетті: «Халықаралық шахмат федерациясының бастамасымен 2025 жыл Әлеуметтік шахмат жылы деп жарияланды. Бұған зор әлеуметтік сұраныс болды. Қазақстан бұл бастаманы қолдады. Мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірге біздің Федерация іске асырған көптеген жоба шахматтың ерекше көңіл бөлуді қажет ететін жандарды біріктіретінін, шабыттандыратынын және қолдау көрсететінін анық етті. Міне бүгін Қазақстан Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған Екінші Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасын қабылдап жатыр. Бұл турнирдің күшті мультипликативті әсері болатынына сеніміміз кәміл. Ол инклюзия тақырыбына назар аударады, бәрімізді жаңа бастамалар жасауға шабыттандырады және ең бастысы, адамның өзіне және өз мүмкіндігіне сенімділіктің ондаған жаңа мысалын дүниеге келтіреді».
2026 жыл Білім берудегі шахмат жылы деп жарияланды
Бүгін Астанада Олимпиада шеңберінде тағы бір маңызды оқиға болды: NGS мектебінде FIDE (Халықаралық шахмат федерациясы) мен ISCF (Халықаралық мектеп шахматы федерациясы) меморандумға қол қойып, 2026 жылды Білім берудегі шахмат жылы деп жариялады. Аталмыш құжат бүкіл әлемде мектеп шахматын дамыту бағытындағы бірлескен күш-жігерді нығайтады. Бұл қадам халықаралық білім беру және инклюзивті бастамаларға негіз болады. Мұндағы мақсат — зияткерлік спортты кеңінен тарату және білім беру құндылықтарын ілгерілету.
Іс-шараға FIDE президенті Аркадий Дворкович, Қазақстан және Халықаралық мектеп шахмат федерацияларының президенті Тимур Турлов және FIDE басқарма төрағасының орынбасары Дана Рейзниеце қатысты. Олар келесі жылға арналған жоспары туралы айтып берді. Мектеп шахматы жылы шеңберінде мектеп оқушылары арасында құрлықтық чемпионаттар өтеді, бұл білім беру бастамаларын дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жылдың басты оқиғалары болмақ.
Жарыстың қорытынды кезеңі – құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары бас қосатын Суперфинал. Ол 2026 жылғы әлемдік мектеп шахматы бағдарламасының шарықтау шегі болады.
Олимпиаданың өткізілуі және меморандумға қол қойылуы шахматтың инклюзия мен білім алу үшін аса маңызды екендігін баса көрсетеді.
Астана халықаралық шахмат бастамаларының орталығы ретіндегі өзінің рөлін тағы да дәлелдеді.
Алғаш рет Ерекше қажеттілігі бар адамдарға араналған шахмат Олимпиадасы 2023 жылғы 29 қаңтардан 5 ақпанға дейін Сербия астанасы Белградта өтті. Оған 26 команда қатысып, барлық 6 матчта ұтқан мына құрамдағы Польша құрамасы жеңімпаз атанды: GM Марцин Тазбир (2507), FM Марцин Моленда (2381), Павел Пекельный (2230), IM Пётр Дукачевский (2131) және капитан IM Яцек Стаханчик (2189).
4 командалық ұпай (+1=2–3) және 9½ жеке ұпай жинаған Қазақстан құрамасы 23-ші орынға ие болды. Ол мына құрамда ойнаған еді: FM Серік Сұлтанов (2266), Серік Маклушов (0), Әділхан Қожабеков (1939) пен Нина Жуковская (1474) және капитан Мейірбек Нүсіпбаев.