Астана қаласында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тоғызқұмалақ спортын жүйелі түрде дамытуға, ұлттық мұра ретінде оның тарихи-мәдени құндылығын кеңінен насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Todayinfo.
Меморандумға академия ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Тұрсынзада Қуанғалиқызы Қуанғалиева және федерация президенті Әлихан Мұхамедияұлы Байменов қол қойды.
- Ынтымақтастық шеңберінде тараптар келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін болады:
- тоғызқұмалақ спорты бойынша мамандар даярлау;
- кәсіби білім беру бағдарламаларын іске асыру;
- ғылыми және әдістемелік жобалар жүргізу;
- волонтерлік қозғалысты дамыту;
- спорттық-білім беру саласына инновациялар енгізу.
Академия базасында тоғызқұмалақпен байланысты жаңа мамандықтар ашу да жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, жаттықтырушылық қызмет, спорттық оңалту, үстел ойындары (шахмат), спорттық менеджмент және бейімдік дене тәрбиесі бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары жүзеге аспақ.
Қол қою рәсіміне Академия басшылығы мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Академиялық қызмет жөніндегі проректор, PhD, профессор Ханат Касенов пен Спорттық білім беру және коучинг департаментінің директоры Дәулет Азербаев болды.
Жоба тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде танымал болуына, отандық спорт ғылымының дамуына және білікті кадрлар даярлауға тың серпін бермек.