Фото ©️ Tengrinews.kz
Астанада орын алған жантүршігерлік жол апаты салдарынан ауыр жарақат алғандардың бірі – 2017 жылы туған қыз бала болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жол-көлік оқиғасы кезінде түрлі жарақат алған 15 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың алтауы – балалар. Бес бала амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілсе, біреуінің жағдайы өте ауыр екені анықталды.
«Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда баланың өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын кесуге тура келді», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда қыз баланың жағдайы – өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресуді жалғастырып жатыр.
Оқиға орнынан алынған алғашқы ақпаратқа сәйкес, жолаушылар автобусы мен басқа да көліктер соқтығысқан. Жол апатының нақты себептері мен кінәлі тараптар құқық қорғау органдары тарапынан анықталуда.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл қайғылы оқиғаға байланысты қала билігі мен медицина қызметкерлері зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.