Республика күні қарсаңында елорданың «Қазанат» ипподромы үлкен мерекесіне айналды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасымен аты шыққан Ақмола облысы астаналықтар мен қала қонақтарына бағасы қолжетімді, табиғи өнімдердің кең таңдауы мен дәмін ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Өңірдің 17 ауданынан және Көкшетау, Степногор, Қосшы қалаларынан келген 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары елордаға шамамен 50 түрлі өнім әкелді. Сауда сөрелерінде ет және шұжық өнімдері, сүт тағамдары, балық, жұмыртқа, ұн, көкөніс пен картоп сияқты табиғи әрі сапалы тауарлар қойылды. Жиынтық көлемі 460 тоннадан асқан бұл өнімдер – ақмолалық жердің берекесі мен еңбек адамдарының маңдай терінің нәтижесі.

«Біз бүгін астаналықтарға Ақмола облысының ең үздік өнімдерін ұсынуға ерекше қуаныштымыз. Біздің өңір еліміздің аграрлық саласында әрдайым көш бастап келеді. Әкеліп отырған өніміміз – тек тауар емес, бұл – еңбегіміздің жемісі, халқыма деген қамқорлығымыздың көрінісі. Әрбір қазақстандық таза әрі сапалы тағамды әділ бағамен алуы үшін еңбек етеміз. Жәрмеңкеге өңірдің 130 кәсіпорны қатысып отыр, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дулат Сердәлі.
Жәрмеңке астаналықтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Көптеген тұрғындар сапалы өнімді тікелей өндірушіден алуға мүмкіндік тапты. Солардың бірі – елорда тұрғыны Серикжан Ешмұратова отбасымен бірге келіп, сатып алғанына риза болды:

“Мұндай шараларды жібермеуге тырысамыз. Мұнда әрдайым балғын әрі дәмді өнім табылады. Бүгін ет пен көкөніс алдым, бәрі сапалы, табиғи өнім екені бірден байқалады. Ақмолалықтар жыл сайын осылай мол өнім әкеліп, астаналықтарды қуантады”, – деді ол.
Келушілердің қолайлылығы үшін жәрмеңкеде 30-дан астам волонтер жұмыс істеп, сатып алынған заттарды тиеуге және жеткізуге көмектесті. Сондай-ақ мерекелік көңіл-күйді Ақмола облысынан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ерекше жандандыра түсті.
Айта кету керек, Ақмола облысы тек өнім ұсынып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Биыл өңір соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,5 миллион тонна астық жинады.

Қазіргі таңда ақмолалық кәсіпорындар елорданы тұрақты түрде азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді: тәулігіне 130 тонна сүт өнімі, 80 тонна ет, 700 мың дана жұмыртқа және 25 тонна ұн жөнелтіледі.

