Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында жеке инвестициялар тарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өңірлік инвестициялық штаб отырысында айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Әкімнің айтуынша, 2024 жылы қаланың экономикасына 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
«Бұл қала экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді», – деді Жеңіс Қасымбек.
Инвестициялық штаб отырысында бірқатар жаңа жобалар қаралған. Олардың қатарында, металл конструкцияларын шығаратын және теміржол көлігіне сервистік қызмет көрсететін зауыт, жиһаз өндіретін кешен, медициналық қолғап шығаратын зауыт, А+ класты көлік-логистикалық орталығы, 460 орындық балабақша, тыңайтқыштар мен пестицидтер өндіретін агрохимиялық кешен бар.
Жалпы алғанда, аталған жобалар шамамен 1 500 жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады деп күтілуде.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өңірлік инвестициялық штаб отырыстары тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Қала басшысы жауапты басқармаларға инвесторлармен тығыз жұмыс істеуді және барлық қажетті қолдауды қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.