Әлеуметтік желіде Астананың бас имамының үйі туралы видео жариялаған азамат бүкіл қазақ халқынан, имамнан және үй иесінен кешірім сұрады. Ол видеоны TikTok-қа жүктеу үшін түсіргенін және оның үлкен дау тудыратынын күтпегенін айтты, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Мен бұл видеоны жаман ниетпен түсірген жоқпын. TikTok-қа салу үшін ғана түсірдім. Барша қазақ халқынан, Астананың бас имамынан және сол үйдің иесінен кешірім сұраймын. Мен де үш баланың әкесімін, жалғыз шешем бар. Мұсылман бауырларымды кешіріп қойыңыздар. Мұның осындай үлкен шуға айналатынын білмедім», – деді видеодағы адам.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамы тұрады деген зәулім үйдің видеосы тараған. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлімдеме жасап, бұл жалған екенін айтқан еді. Зәулім сарай Нұрлан Леспекұлына тиесілі болып шықты.