Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданына барып, Тайсойған ауылында жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 21,5%-ға артқанын атап өтті. Сонымен қатар, өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты өсім бар екенін жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Серік Шәпкеновтың айтуынша, өңірде әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы да қарқын алған. Соңғы екі жыл ішінде аудан бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған.
Білім беру саласы
Соңғы екі жылда ауданда 7 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мектептерде толық жөндеу жасалып, жаңа жиһаздар мен оқу кабинеттері сатып алынды. Қазіргі уақытта Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы жүргізілуде. Қарабау ауылында 150 орындық жаңа бастауыш мектеп салу жоспарланып, мердігер компания анықталу үстінде.
Балабақша құрылысына да көңіл бөлініп отыр. Жасқайратта 100 орындық, Тайсойғанда 50 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталады.
Мәдениет және жастар саясаты
Мәдениет саласында да бірқатар жобалар қолға алынған. Сағыз ауылында Жастар үйі мен Өнер орталығы үшін ғимараттар сатып алынды. Биыл Мұқыр ауылында 400 орындық, Қарабауда 300 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы аяқталмақ. 2026 жылы Миялыда 500 орындық ірі мәдениет үйінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, Тайсойған ауылында шығармашылық орталық салу жобасы мақұлданып, мердігер мекеме анықталды. Құрылыс жұмыстары биыл басталады деп жоспарлануда.
Спорт нысандары
Қызылқоға ауданында бұқаралық спортты дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Мұқыр, Қарабау, Қоныстану және Қаракөл ауылдарында жаңа спорт кешендері салынып жатыр. Ал Жангелдин мен Тайсойған ауылдарындағы спорт нысандары биыл пайдалануға берілді.
Облыс әкімі атап өткендей, биыл аудан бойынша барлығы 8 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олардың екеуі пайдалануға берілді, тағы үшеуі жыл соңына дейін аяқталады. Қалған үш нысан келесі жылы халық игілігіне берілмек.
Кездесу барысында тұрғындар да өз сұрақтарын қойып, ауылдағы жол, ауызсу және интернет сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Әкім бұл сұрақтардың барлығы бақылауға алынатынын және кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.