Атырауда «Дорожный контроль» бірлестігінің мүшесі мердігерден ақша бопсалады деген күдікке ілінді. Ол құрылыстағы кемшіліктерді айтпау үшін ірі көлемде ақша талап еткен.
Оқиғаның мән-жайы
Күдікті «Дорожный контроль» бірлестігінің мүшесі болып, әлеуметтік желілерде құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген.
Трассаның бір бөлігінен ақау тапқан ол, осы кемшіліктер туралы ақпаратты жарияламау үшін мердігер компанияның өкілдерінен ақша талап еткен.
Дереккөздердің хабарлауынша, бастапқыда белсенді 30 миллион теңге сұраған. Кейін ол 5 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша Атырау облысының Полиция департаменті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. «Орда» редакциясы ресми органдардан пікір күтуде.
Бұл бірінші жағдай емес
Жақында ғана Шымкентте де осыған ұқсас жағдай тіркелген болатын. «Amanat» партиясының бұрынғы мүшесі Арай Есенбекке де бопсалау айыбы тағылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, журналист әрі блогер Есенбек әкімдік қызметкерін бопсалап, компромат жариялаймын деп қорқытқан.

