Атырау облысының полицейлері 4 күнде 2 келіден астам есірткі тәркіледі. Есірткінің нарықтағы құны 30 млн теңгеден асады.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 5-9 ақпан күндері «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.
«Іс-шараның мақсаты – заңсыз есірткі айналымын анықтап, арналарын жою. Облыс аумағында өткізілген іс-шара кезінде есірткіге қатысты 8 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, 9 адам қамауға алынды. Анықталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша 30 млн теңге болатын жалпы салмағы 2 келі 587 грамм есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 1 келі 845 грамм синтетикалық, 742 грамм гашиш есірктісі бар. Мәселен, телеграм арнасы арқылы облыс аумағында синетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сатпақ болған деген күдікпен Маңғыстау облысының 24 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Оның мекенжайын тінту кезінде 1 келіден астам синтетикалық есірткі заты табылды. Ал Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны тұратын пәтерден 23 грамм синтетика мен 2 тапанша табылды. Ұсталғандардың бәрі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ есірткі заттарын жарнамалайтын 10 интернет-сайт бұғатталған. Республикалық іздеуде жүрген екі күдікті ұсталды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда өзге өңірден келген екі бойжеткеннен синтетикалық есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.