Атырау қаласындағы №2 қалалық сот алаяқтық жасады деген айыппен блогер Рано Нығметова мен оның құрбысын соттады, деп хабарлайды Todayinfo.
Сот мәліметінше, әйелдер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша – «ірі көлемдегі алаяқтық» жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылдың наурыз-сәуір айларында олар танысын ақша табуға «үйретпек» болып, жалған инвестициялық жобаға қаржы салуға көндірген.
Жәбірленуші Ш. аталған жобаға 33 миллион теңгесін аударған. Оның бір бөлігін несиеге алып, мүлкін кепілге қойған. Алайда уәде етілген табыс түспеген.
Сонымен қатар, сотталушылар екі бірдей гүл компаниясынан жалпы сомасы 4 миллион теңгеге жуық гүл алып, ақысын төлемеген. Бұл гүлдерді Рано Нығметова өзінің Instagram парақшасында «Мистер Х-тен сыйлық» деп көрсеткен.
Сот үкімімен Нигметова 6,5 жылға, ал оның құрбысы С. 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Екі әйелдің де кәмелетке толмаған балалары бар. Тергеуде белгілі болғандай. келтірілген жалпы материалдық шығын 37 миллион теңгеден асқан.
Алайда Нығметова сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, өзіне жала жабылғанын айтады. Ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге барын салатынын айтты.