Атырау облысында 2019 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Отбасы» шаруа қожалығы бүгінде өңір халқын сапалы әрі қолжетімді көкөніспен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Шаруа қожалығының негізгі өндірістік алаңдарының бірі – «Ардагер» жылыжай кешені. Мұнда жарты гектар аумақта 11,7 мың түп қызанақ, тағы жарты гектарда 12 мың түп қияр егілген. Жылыжайда заманауи тамшылатып суару технологиясы қолданылады, бұл дақылдардың біркелкі өсуіне және өнімділіктің артуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қожалықтың Дамбы тасжолы бойындағы Зарослый ауылында 10 гектар ашық егістік және 1 гектар жылыжай бар. Мұнда қияр, қызанақ, баклажан, шпинат, пекин қырыққабаты, аскөк, салат жапырақтары және басқа да көкөністер өсіріледі. Бұл өнімдер маусым бойы үздіксіз жиналып, қала тұрғындарына жеткізіліп отырады.
Ал Махамбет ауданына қарасты Карманов ауылында шаруа қожалығының тағы бір ірі егіс алқабы орналасқан. Мұнда 60 гектар жерге сәбіз, қырыққабат, картоп және қызылша отырғызылған. Бұл өнімдер тек қаладағы нарықты емес, аудан орталықтарын да қамтуға мүмкіндік береді.
«Отбасы» шаруа қожалығы өндірген өнімдер «Dihan» брендімен оралған күйде Атырау қаласындағы 10 дүкенге жеткізіледі. Жергілікті тұрғындар бұл өнімдерді делдалсыз, тікелей өндірушіден қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Қожалық өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жылыжай кешенін салу жоспарда бар. Бұл Атырау облысының ішкі нарығын отандық көкөніспен қамтамасыз етуге, маусымаралық кезеңде бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.