Бәйдібек ауданы – Түркістан облысының орталық бөлігінде орналасқан, тарихи және мәдени мұраға бай өңір. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының саны 48 591 адамды құрайды. Жылдан жылға ауданның экономикалық және кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқаны белгілі. Өңірдің табиғи және туристік әлеуеті аймақты ерекше тартымды етіп қана қоймай, сонымен қатар, инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жобалар қарқын алған. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының аясында Бәйдібек ауданында кәсіпкерлік саласы жанданып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Ауданда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнестің өсуі басты назарда. Аудан әкімшілігі жергілікті кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетіп, оларды жаңа бастамаларға ынталандыруда. Бұл туралы Бәйдібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Уркумбаев Тұрар Ибадуллаұлымен ауданның кәсіпкерлік әлеуеті, мемлекеттік қолдау шаралары және өңірдің кәсіпкерлік болашағы жайлы сұхбат барысында көз жеткіздік. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың 2024 жылғы көрсеткіштері мен келешектегі жоспарлары да сөз болды.
Тұрар Ибадуллаұлы сауалымызды бірден инвестициялық жобалардан бастасақ. Бәйдібек ауданында 2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 29 400 млн. теңгеге жеткізу жоспарланғаны белгілі. Бұл жоспар қалай жүзеге асуда?
— Иә, жоспар бойынша біз 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 29 400 млн. теңгеге жеткізуді көздедік. Қазіргі уақытта жоспар бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 11 636,9 млн. теңгені құрады, бұл көрсеткіштің 3 570,6 млн. теңгесі бюджет есебінен, ал 8 066,3 млн. теңгесі меншікті қаражат есебінен тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6 514,7 млн. теңгеге артқанын көрсетеді. Яғни былтырғы жылы бұл көрсеткіш 5 122,2 млн. теңгені құраған болатын.
Бұл өсім қандай факторларға байланысты артып отыр?
— Өсімнің басты себептерінің бірі – аудан экономикасының дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың белсенді түрде іске асырылуы. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан қызығушылық артып, аудандағы экономикалық ахуалдың жақсаруы да үлкен рөл атқарды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әр айға бөлінген жоспар бойынша 2024 жылғы 6 ай қорытындысы негізінде біз жоспарланған 5,2 млрд. теңгенің орнына 6,4 млрд. теңгеге артығымен орындадық.
Негізгі инвестиция көлемі шетелдік инвестор Шейх Халифаның сирек кездесетін дуадақ құсын өсіру орталығы «Ренеко Казахстан» жеке меншік мекемесі есебінен орындалуда. Аталған мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерінің 90% үлесін аудан тұрғындары құрайды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша 593,1 млн теңгеге 51 жаңа техника сатып алынды және шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Қосымша құны 20,5 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы арқылы 12 жоба іске асырылып, 24,9 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту көзделуде. Мысалы, Ақбастау ауылдық округінде «Корпорация ERNUR» ЖШС тарапынан 2 жоба іске асырылуда. Біріншісі, жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп, ағымдағы жылдың соңында 1 этапы іске қосу жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орын саны – 25 адам. Екіншісі, құны 2 млрд теңгені құрайтын 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы. Ашылатын жұмыс орын саны – 10 адам. Сонымен қатар, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округі аумағындағы «Шаян» индустриалды аймақта жылына 4800 тонна травертин тасын, 5 млн дана кірпіш пен 36 000 тонна қиыршық тас өндіретін «Рамирта» ЖШС орналасып құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жоба құны 800 млн. Ашылатын жұмыс орыны 44 адам. Және де жылына 25 мың текше метр травертин тасын өңдейтін «Каз Травертин» ЖШС орналасу үшін жер телімінің құжаттарын рәсімдеуде. Жоба құны 1 800 млн. Жұмыс орын саны 25 адам.
Жалпы жыл соңына дейін 29,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылуда, инвестиция тартуға бағытталған жобалар мен бағдарламалар әзірленіп, іске асырылуда. Бізге маңыздысы – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Негізгі шаралар ретінде аудандық деңгейде жаңа жобаларды іске асыру, мемлекеттік қолдау көрсету және жеке кәсіпкерлермен белсенді жұмыс істеу жоспарланып отыр. Инфрақұрылымды жақсарту, жолдар мен коммуналдық қызметтерді дамыту да басты назарда. Мұның барлығы ауданның бұдан әрі қарай экономикалық дамуына ықпал ететініне сенімдіміз.
2024 жылы Бәйдібек ауданында бірнеше маңызды жобалар іске қосылғаны туралы естіп отырмыз. Осы жобалар туралы толығырақ айтып берсеңіз.
— Иә, биыл ауданда бірнеше жаңа жоба жүзеге асырылды, олар аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Мәселен, Ақбастау ауылдық округінде «Шоқ-Талап» шаруа қожалығы 2 гектар жерге балық шаруашылығын ашты. Бұл жобаның құны 66 миллион теңгені құрап отыр. Жоба аясында 20 000 дана сазан шабақтары суға жіберілді. Жыл соңына дейін бұл шаруашылықты тауарлы деңгейге жеткізіп 25 тоннаға дейін өнім алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы жоба аясында 5 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек.
Ақбастау ауылдық округінде жеке кәсіпкер Нұрқанат Қылшынбет етті бағыттағы құс фермасын ашты. Бұл жоба құны 100 миллион теңгені құрап отыр. Сыйымдылығы 7000 басқа дейін жетеді. Мұндай жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен ықпал етеді.
Сонымен қатар Алғабас ауылдық округінде жеке кәсіпкер «Шұғыла» жеміс және декоративті ағаш көшеттерін өндіру кәсібін бастады. Кәсіпкер 25 миллион теңгеге тамыры айва ағашына будандастырылған сәндік көшеттер мен шыршаның 5 түрін отырғызды. Бұл жоба ауыл шаруашылығының дамуына және ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ағымдағы жылы өз қаржысымен сәуір айынан бастап жер телімін қоршау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта толық аяқталды. Қуаттылығы – 100 000 түп, жобаның жалпы құны – 60 млн.теңге. Келесі ірі жоба ретінде Бөген ауылдық округінде жеке кәсіпкер Маханбетов Жәнібектің іске асырған «Қызыл көпір №2» демалыс аймағын атап өтуге болады. Бұл жобаның құны 300 миллион теңгені құрап, жаңадан 15 жұмыс орны ашылды. Демалыс аймағы ауданда туризм саласын дамытуға үлкен үлес қосып, жергілікті тұрғындар мен қонақтар үшін жоғары деңгейдегі демалыс қызметтерін ұсынуда. Туризм – аудандағы экономиканың маңызды секторларының бірі. Мұндай жобалар ауданның тартымдылығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар, қосымша кіріс көздерін ашады, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.
Сондай-ақ Боралдай ауылдық округінде жеке кәсіпкер Абай Жайнақов сауда орталығы мен демалыс аймағының құрылысын аяқтап, оны іске қосты. Бұл жоба 1,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуды талап етті және бұл ауданның экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Жобалардың болашағы туралы не айтасыз?
— Біз әр жобаның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Аудан әкімдігі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға көмектесуді жалғастырады. Алдағы уақытта да ауданымызда көптеген жаңа жобалар іске асырылады деп сенемін.
2024 жылы Бәйдібек ауданында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы 48 жобаға қаржыландыру бөлінгені туралы ақпарат алдық. Бұл бағдарламаның маңызы қандай?
— Иә, биыл көктемгі дала жұмыстары үшін «Кең дала» бағдарламасы аясында 1 402 300 000 теңге көлемінде 48 жоба қаржыландырылды. Бұл бағдарлама ауданымыздағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі егіс науқаны кезінде қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – шаруашылықтардың қаржы тапшылығын жою, егіс көлемін ұлғайту және өнімділікті арттыру. Бұл шара ауыл шаруашылығының дамуына, әсіресе, өсімдік шаруашылығына үлкен септігін тигізіп отыр.
Сонымен қатар аудан көлемінде тіркелген 2755 шаруа қожалықтарға Мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Қолдау шараларының басым көпшілігін тауарлы уақ мал селекциясы, асыл тұқымды уақ мал селекциясы және тауарлы ірі қара мал селекциясын субсидиялау құрайды.
2023 жылы Бәйдібек ауданы бойынша мал шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша субсидиялау көлемі 649,8 млн.теңге көлемінде 388 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау шаралары көрсетілді.
Аталған субсидиялардың мал шаруашылығының дамуына әсері болды ма?
— Бұл субсидиялар мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ауданымыздағы ірі қара малдың жалпы саны 55 543 басқа жетті, оның ішінде 27 901 бас аналық малды құрайды. Аналық бастың 1960 басы асылдандыру жұмыстарына қатыстырылды. Сонымен қатар, уақ малдың жалпы саны 550 723 басқа жетті, оның ішінде 157 958 аналық мал асылдандыру жұмыстарына қатыстырылды. Бұл көрсеткіштер ауданымыздың мал шаруашылығында асылдандыру жұмыстарының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Одан бөлек асыл тұқымды уақ мал немесе ірі қара мал сатып алу, бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ірі қара малдың еркек дарағының құнын арзандату, сүт өндірісінің құнын арзандату бағыттары бойынша да қолдау шаралары көрсетілді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығының қазіргі жағдайы қандай?
— Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында 62 000 басқа жуық ірі қара мал бар болса, оның ішінде асыл тұқымдысы – 3600 басты құрайды. Бұл көрсеткішке абердин ангус, қазақтың ақ бас сиыры, гольштейн сияқты асыл тұқымды малдар кіреді. Уақ мал саны 635 000 басқа жетті, оның ішінде 48 000 бас асыл тұқымды мал бар. Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, гиссар тұқымдары ауданымыздағы ең кең таралған асыл тұқымды малдарға жатады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында ауданымызда мал шаруашылығының сапасы мен көлемі айтарлықтай жақсарды. Асыл тұқымды малдың үлесі артып, өнімділік көрсеткіштері өсті. Шаруа қожалықтарының мал басы көбейіп, асылдандыру жұмыстарының сапасы артты. Сонымен қатар бұл қолдау шаралары шаруалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етті, оларды жаңа жобаларға инвестиция салуға ынталандырды.
Бәйдібек ауданындағы мал шаруашылығын дамытудың болашақтағы жоспарлары қандай?
— Біз мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін бірқатар жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде асыл тұқымды малдың санын арттыру, шаруашылықтарды заманауи технологиялармен жабдықтау және халықаралық стандарттарға сай өнім өндіру басты мақсаттарымыздың бірі. Сонымен қатар біз ет тауарларының экспорты мен сүт өндіру бағыттарын да дамытуды көздеп отырмыз. Аудандағы мал шаруашылығының дамуы аудан экономикасына тікелей әсер етеді. Бұл салада жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және экспорттау әлеуеті артады, бұл ауданның жалпы экономикалық көрсеткіштерін әрі қарай дамытады деп сенеміз.
Қай елдің кәсіпкерлерімен инвестиция тартуға келіссөздер жүргізіліп жатыр?
— Биыл шілде айының 28-і күні Қытай Халық Республикасынан келген «Гуань Шань Цзие» жауапкершілігі шектеулі қоғамдық серіктестігінің президенті Ма Чао мырзамен кездесу өткізілді. Бұл кездесу ауданымыз үшін маңызды әрі болашағы зор жобалардың біріне айналуы мүмкін. Жоба мал азықтық дақылдарын өсіріп, аралас жем зауытын ашуға бағытталған. Инвестиция көлемі 6,5 миллион долларды, яғни 30,1 миллиард теңгені құрайды.
Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, компанияның 1000 гектардан астам жерді игеру мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл көрсеткіш болашақта жобаның масштабын кеңейтуді көздеп отырғанын көрсетеді. Жер телімін ұсыну алдында аталған жерге бейім өсімдік тұқымдарын анықтауға оның құрамы мен құрылымын зерттеу үшін топырақ сынамалары алынды. Бұл зерттеу жобаның тиімділігін анықтау үшін маңызды болды. Нәтижелерін алғаннан кейін, инвесторлар бұл жерге қандай дақылдардың қолайлы екенін және болашақта қандай технологияларды қолдану қажеттігін анықтай алады. Зерттеу нәтижелері бізге қосымша хабарланатын болады.
Сонымен қатар тамыздың 5-і күні компания өкілдерімен өткен кездесу барысында екі жақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат біздің бірлескен жобаларымызды жүзеге асыруға деген ниетімізді растайды және алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді көрсетеді. Меморандумда жобаны жүзеге асырудың негізгі шарттары, тараптардың міндеттемелері және болашақта атқарылатын іс-шаралар талқыланды. Сонымен қатар, кездесу барысында алдағы уақытта жүргізілетін зерттеулер мен талдаулар, жобаның масштабын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Бұл кездесудің нәтижесінде біз болашақтағы жоспарларымызды нақтылап, оларды жүзеге асыруға дайындық жасаймыз.
Меморандумға қол қоюдан кейін аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы және туризм объектілерімен таныстыруды да әлеуметтік желіден көрдік. Бұл сапардың мақсаты қандай болды?
— Иә, меморандумға қол қойылғаннан кейін біз аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы және туризм объектілерін бірге араладық. Бұл сапардың басты мақсаты – инвесторларға ауданның әлеуетін көрсету және оларды аудандағы басқа да мүмкіндіктермен таныстыру болды. Біз инвесторларға аудандағы ауыл шаруашылығының дамуын, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының мүмкіндіктерін көрсеттік. Сонымен қатар, ауданның туризм саласындағы әлеуетін де атап өттік. Бұл сапар инвесторларға ауданның экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерін жақсы түсінуге көмектесті.
Инвесторлардың ауданның әлеуетін бағалауы туралы не айта аласыз? Оларға ауданның қай салалары қызықты болды?
— Инвесторлар ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жоғары бағалады. Оларды әсіресе мал азықтық дақылдарын өсіру, мал шаруашылығын дамыту және азық өндірісі салалары қызықтырды. Сонымен қатар ауданның табиғи ресурстары мен географиялық орналасуы да олардың назарын аударды. Туризм саласына да қызығушылық танытты, себебі ауданымыздың тарихи және табиғи ескерткіштері, әсем табиғаты шетелдік туристер үшін тартымды.
Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда аудан экономикасына қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?
— Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, бюджетке жыл сайын 100 миллион теңге қосымша салық түсіп, аудан экономикасына үлкен оң өзгерістер әкеледі деп күтеміз. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады, бұл аудан тұрғындары үшін үлкен қолдау. Екіншіден, ауыл шаруашылығының жаңа салалары дамып, ауданның агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті артады. Үшіншіден, ауданға шетелдік инвестиция тарту арқылы экономиканың тұрақтылығы мен дамуы қамтамасыз етіледі. Бұл жоба аудандағы әлеуметтік және экономикалық жағдайға айтарлықтай әсер етеді деп жоспарлап отырмыз.
— Экспортқа өнім шығарумен айналысатын кәсіпорын, зауыт, фабрикалар бар ма? Қайтарымсыз грант арқылы кәсібін бастаған қандай отбасылар бар және олар кәсіптің қандай саласын меңгеріп жатыр?
— Жоғарыда айтып өткеніміздей соңғы жылдары жаңа жобалар жүзеге асырылып, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі арта түсті. Ауданымыздағы кәсіпорындар әртүрлі салаларда жұмыс істеуде, олардың арасында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету салалары бар. Жаңа бастамаларды қолдау және іске асыру үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен қолдау шаралары көрсетілуде. Мәселен, Жамбыл ауылындағы Тынысбаевтар отбасының жылыжай шаруашылығы – ауданымыздағы табысты жобалардың бірі. Бұл отбасы 2013 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде олар тәжірибе жинақтап, өнім көлемін арттырды. Биыл алғаш рет 5000 түп құлпынай егіліп, жақсы өнім жиналғаны біз үшін қуанышты жаңалық болды. Сонымен қатар, 12 мың түп қияр мен 400 түп жаңа сортты қызанақ егіліп, бұл өнімдер ауыл дүкендеріне, сондай-ақ Қызылорда мен Шымкент қалаларына жеткізіліп отыр. Тынысбаевтар отбасы мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, бүгінде үш азаматты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта олар жылыжай маңынан тағы 50 соттық жер алып, кәсіпті кеңейтіп, 10 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі зор.
Азамат Бекдәулетов есімді кәсіпкеріміздің де таулы аймақта құлпынай өсіру жобасы – ауданымыздағы ерекше бастамалардың бірі. Таулы аймақтың табиғи-климаттық жағдайлары құлпынай өсіруге өте қолайлы. Кәсіпкер 15 гектар жерге 15 мың түп құлпынай көшетін отырғызған. Бұл жоба аудандағы ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруде. Шаруашылық күніне 300 келіге жуық таза табиғи құлпынай жинап, өнімін Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен қалаларына жеткізіп отыр. Бұл жобаның ерекшелігі – экологиялық таза өнімнің сапасы жоғары, сондықтан да сұраныс өте көп. Азамат Бекдәулетовтің бұл бастамасы ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруде.
Шаян елді мекенінде ашылған текстиль өнімдерінің қалдықтарын қайта өңдеу цехы – ауданымыз үшін маңызды жоба. Бұл шағын кәсіпорынның қызметі текстиль қалдықтарын қайта өңдеп, оларды жаңа өнімдерге айналдыруды көздейді. Цехта мақта түту, көрпе, жастық, медициналық формалар, матрас, шапандар мен қыз жасауы секілді өнімдер шығарылады. Мұнда 7 жергілікті қыз-келіншек жұмыс істеп, өз еңбегімен ауданның экономикалық дамуына үлес қосуда. Кәсіпорынның иесі Эльенора Ағабекқызы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантты жеңіп алып, осы цехты ашты. Жоспарлары бойынша олар қой жүнін өңдеп, шикізат ретінде қолдануды көздеп отыр. Бұл жоба экологияға зиян келтірмей, қолжетімді және сапалы өнімдер шығару арқылы ауданның экономикасын дамытуға ықпал етуде.
Болашақта цехты кеңейту және өнім ассортиментін арттыру жоспарланып отыр. Қой жүнін өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алып, жүнді шикізат ретінде қолдану жоспарда бар. Бұл цехтың өнім көлемін арттыруға және жергілікті нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, цехтың өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндіктері қарастырылуда. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл жоспарлар сәтті жүзеге асып, кәсіпорынның болашағы зор болатынына сеніміміз мол.
«Аманбол – К» ЖШС №1 Бәйдібек қымыз атауымен ал, «Бәйдібек Агро» шаруа қожалығы AKBASTAU өнімдері атауымен қымыз өндірісін қолға алған ауданымыздағы ерекше жобалар. Қымыз – қазақ халқының дәстүрлі сусыны, оның өндірісі арқылы ұлттық тағам мәдениетін сақтау және жаңғырту басты мақсат болып табылады. Қымыз өндірісі аудандағы тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие, бұл өнімді аудан көлемінде ғана емес, басқа өңірлерге де жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қымыз өндірісі жылына 56 тоннаға дейін өнім шығаруды көздеп отыр. Бұл жобалар 8 адамды жұмыспен қамтамасыз етті, алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейту жоспарда бар. Бұл жобалар ауданымыздағы ұлттық дәстүрлерді сақтауға және ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосуда.
Бәйдібек ауданында кәсіпкерлік саласы тұрақты дамып келеді. 2024 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, ауданымызда 422,1 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,1%-ға өскенін көрсетеді. Осы кезеңде ауданда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 770-ке жетті, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары 5 671 бірлікті құрайды. Бұл кәсіпорындарда 6 545 адам жұмыспен қамтылған. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнімнің жалпы көлемі 6 927 миллион теңгені құрады.
Биыл қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған кәсіп бастаушылар туралы да айтып өтсеңіз.
— Биыл ауданымызда 73 тұрғын 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражат тұрғындардың өз ісін ашып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасауына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Грант алғандардың негізгі бағыттары – мал шаруашылығы, наубайхана, кондитерлік өнімдер, тігін шеберханасы, балық шаруашылығы және басқа да салалар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының әсері бар ма?
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Бағдарлама аясында несие беру алты бағыт бойынша жүзеге асырылады: өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, кооперативтерді жабдықтау және жеке кәсіп ашу. Бәйдібек ауданы бойынша 2024 жылға бағдарламаға қатысушы ретінде жаңадан 4 ауылдық округ (Боралдай, Жамбыл, Мыңбұлақ, Бөген) еніп, географиялық орналасу орнына сәйкес кооперация негізінде даму бағыттары нақтыланған. Қазіргі таңда «Ырыс» МҚҰ ЖШС тарапынан қыржыландыру күтілуде.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы қатысушы ретінде 4 ауылдық округ (Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай) тіркеліп, 1,3 миллиард теңге сомасына 199 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалар ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Аудандағы кәсіпкерлік брендтің рөліне баса мән беріп жатқандарыңыз туралы да хабардармыз…
Кәсіпкерлік саласында брендтің танымалдылығы өте маңызды рөл атқарады. Бренд – кәсіпорынның тұтынушылар арасында танылуына, олардың сенімін арттыруға көмектеседі. Ауданда жаңа кәсіп ашқан отбасылық шағын бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында арнайы ауданның логотипі әзірленді. Бұл логотипті «Ернұр Корпорациясы» демеушілігімен 30 мың дана тиражбен тегін таратып бердік. Логотипті қолдану кәсіпкерлерге өнімдерін нарықта танымал етуге және тұтынушылар арасында сенімділік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қадам шағын кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың табысты болуына ықпал етеді.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
— Сізге де рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Автор: Әмірболат Құсайынұлы