Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы — ауылшаруашылығына бейім, табиғи жағдайлар мен климаттық ерекшеліктеріне байланысты егін шаруашылығына ерекше көңіл бөлетін мекендердің бірі. Бұл ауылда шаруалар бос жатқан жерлерді пайдаланып, түрлі дақылдарды өсіру арқылы отандық өнім өндіруге үлестерін қосуда. Солардың бірі – «Эрмет ата» шаруақожалығы.
Әлішер Эрметұлы басқаратын шаруақожалығы 2006 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Биыл «Эрмет ата» шаруашылығы 6 гектар жерге бау-бақша, 4 гектар жерге бидай, 5 гектар аумаққа жоңышқа және 2 гектар жүзім мен 5 гектарға қарбыз екті. Барлық дақылдар заманауи тамшылатып суару әдісімен өсірілуде. Бұл әдіс суды үнемдеп, өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Әлішер Эрметұлының айтуынша, жемістердің көп бөлігі Өзбекстаннан әкелініп, Қазақстанда өсіріледі. Бұл тәсіл жаңа сорттардың жергілікті климатқа бейімделуіне және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Шаруа қожалығының жұмысы ауыл тұрғындарына уақытша жұмыс орындарын ұсына отырып жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізеді.
«Біздің шаруашылықтың негізгі мақсаты – сапалы өнім өндіру және нарыққа бәсекеге қабілетті тауар шығару. Өзбекстаннан әкелінген жемістерді көбейту арқылы біз жоғары сапалы өнім алуға қол жеткіздік. Шаруашылықпен айналысу оңай емес, себебі түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Алайда, біз өз еңбегімізді жұмсап, қажетті шараларды қабылдап, мол өнім алуға күш салып жатырмыз. Жұмысымыздың нәтижесін көріп, ауыл тұрғындарының да, қала тұрғындарының да сұранысын қанағаттандырып отырмыз»,- дейді «Эрмет ата» шаруақожалығының басшысы Әлішер Эрметұлы.
Шаруақожалығында өсірілген өнімдер Кентау қаласынан бөлек, Түркістан және басқа да аудан-қалаларға тасымалдануда. Өнімдердің жоғары сапасы мен дәмі нарықта жақсы бағаланып, тұтынушылар арасында үлкен сұраныс тудырған. Бұл жағдай ауылшаруашылығының тиімділігін және сапалы өнімнің маңыздылығын көрсетеді.
Кентау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша аталған шаруақожалығының жетістіктері ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартумен қатар ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен ауылшаруашылығының дамуына ықпал етеді.