Фото: Facebook.com/ Олжас Байділдинов
Қоғамдық көлікке бөлінетін мемлекеттік субсидиялар тиімсіз әрі жемқорлық тәуекелін күшейтеді. Мұндай пікірді экономист-сарапшы Олжас Байділдинов білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Сарапшының айтуынша, Петропавл қаласында тасымалдаушыларға субсидия соңғы үш жыл бойы төленбей келеді. Ал қазіргі жағдайда жолақының өзін-өзі ақтайтын құны кемінде 345 теңге болуы тиіс.
«Мен бұл мәселені бұрыннан айтып келемін. Автопарктерге бөлінетін субсидиялар жүйесі тұманды, жемқорлыққа бейім, әрі сапа тұрғысынан ешқандай нәтиже бермейді», — деді Байділдинов.
Оның пікірінше, елдің ірі қалаларында — Астана мен Алматыда — жолақының экономикалық негізделген құны 500 теңге шамасында болуы керек. Бұған дейін мәслихат сессияларында да 450 теңге көлеміндегі өзіндік құн аталған.
«Мысалы, былтыр Алматыда автобус тасымалына 200 миллион доллар субсидия бөлінді. Бірақ одан сапа жақсарды ма?» — деп сұрады сарапшы.
Ол қоғамдық көлік саласына нарықтық баға мен ашық бәсекелестік енгізу қажет екенін атап өтті.
«Үш аялдама жүрген адам мен бір жарым сағат жол жүрген жолаушының бірдей төлеуі экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек», — деп қосты Байділдинов.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттік субсидиялардан бас тарту және тарифтерді нарыққа жіберу — қоғамдық көлік жүйесін сауықтырудың жалғыз жолы.
«Мысал ретінде Үндістанның Дели қаласын алайық. Онда метро мен LRT жолақысы 20–70 рупий аралығында, бұл шамамен 140–470 теңге. Нарықтық жүйе жұмыс істеп тұр, сапа да соған сай», — деп түйіндеді экономист.