Фото: istockphoto.com
Сәтбаев қалалық соты азаматтық некедегі күйеуіне пышақ жарақатын салған әйелге қатысты сот үкімін шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Оқиғаның мән-жайы
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 25 қазанында кешкі сағат 18:30 шамасында сотталушы «А» азаматтық некедегі күйеуі «С» және ортақ таныстары «М» мен «А» бірге спирттік ішімдік ішкен.
Ішімдік әсерінен және қызғаныштың салдарынан сотталушы «А» мен «С» арасында жанжал туған. Кейін сотталушы үйіне кетіп, есікті ішінен құлыптап алған.
Алайда «С» жанжалдың аяқталмағанына қанағаттанбай, есікті қағып, пәтерге кірген. Үй ішінде дау-жанжал одан әрі ушыққан, нәтижесінде «С» сотталушыға балағат сөздер айтқан, екеуі жұлқыласқан. Осы сәтте ас бөлмесінде тұрған «А» үстел үстіндегі ағаш сапты және қара түсті ас үй пышағын алып, күйеуінің ішіне бір рет соққы жасаған.
Нәтижесінде «С» ауыр жарақат алып, Сәтбаев қалалық орталық ауруханасына жеткізілген.
Сот шешімі
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі:
Сот-медициналық сараптама қорытындысы,
Оқиға орнын тексеру хаттамасы,
Куәгерлердің жауаптары,
Басқа да сотқа ұсынылған дәлелдермен расталды.
Сот ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша «А»-ны кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда ҚР ҚК 63-бабына сәйкес, жаза шартты деп есептелді.
Сот залынан босатылды
Сот шешімімен «А»-ға қолданылған «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы жойылып, ол сот залында бостандыққа шығарылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.