Жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға, Астанаға және басқа да ірі қалаларға мыңдаған студент ағылады. Олардың басым бөлігі – биыл жоғары оқу орындарына түскен 1-курс студенттері.Алайда студенттердің ең үлкен проблемасы – жатақхана тапшылығы. Әсіресе алғаш рет үлкен қалаға келген, 16–17 жастағы жасөспірімдер мен көпбалалы отбасылардың балалары үшін бұл мәселе аса ауыр болып тұр. Осы мәселе төңірегінде журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы мәселе көтеріп, ЖОО басшылығына үндеу тастады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Әдетте талапкерлер ЖОО-ға құжат тапсырғанда жатақхана беріледі деп сенеді. Бірақ қазір көптеген университеттердің жатақханасы жетіспейді, ал кейбірінде мүлдем жоқ. Соның салдарынан шалғай өңірден келген студенттер пәтер жалдауға мәжбүр. Бірақ жалдау бағасы өте қымбат, қалтаға салмақ түсіреді. Арзанырақ пәтерлер қаланың шетінде орналасқан.
Ата-аналардың айтуынша, ең алдымен жатақханаға 1–2 курс студенттері орналастырылуы тиіс. Өйткені олар қалаға үйренбеген, қауіпсіздігіне алаңдайды. «3–4 курс студенттеріне жатақхана берілмесе де болады, бірақ дәл бірінші курстағы балаларға жағдай жасалуы керек», – дейді ол.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қатысты ата-аналардың шағымы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Олардың сөзінше, оқу орны абитуриенттерді тартуда белсенді болғанымен, жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр.
«Көпбалалы аналардың бірі Алматыға қызының оқуына байланысты келгенін айтып, бірақ жатақхана берілмеген соң амалсыз жылап елге қайтқанын жеткізді. «Жүрегім алып-ұшып, қызымды жатақханаға орналастырамын деп келген едім. Енді оны пәтерге жалғыз қалдыруға қорқамын», – дейді ол.
Қоғам белсенділері бұл мәселені көтеріп, биліктен шұғыл шешім қабылдауды сұрауда. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне үндеу жасап, 1–2 курс студенттерін, әсіресе көпбалалы отбасынан шыққандарды жатақханамен қамтамасыз етуді талап етіп отыр», деді журналист.