Фото: Александр Павский/ Kazinform
Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризмі үшін заманауи инфрақұрылым салынса, Қазақстанның курорттары ұлттық брендке айналады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.
Президенттің айтуынша, туризм саласында біраз түйткілді мәселе бар.
«Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік желілердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің аражігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады», — деді Тоқаев.
Осы орайда ол Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталды.
«Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», — деді Президент.