Фото: gov.kz
Алматы облысында Тілдерді дамыту басқармасының жаңа басшысы болып Салтанат Беспаева тағайындалды. Ол бұған дейін Бағанашылдағы балалар үйіндегі даудан соң лауазымды қызметінен кеткен, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Салтанат Беспаева Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен ұйымдастырушы педагог, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры қызметтерін атқарған.
2022 жылдың шілде айынан бастап Салтанат Беспаева Алматы облысының білім басқармасын басқарды. Биыл тамыз айында оның қызметінен босатылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін бұл ақпарат расталып, оның орнына Арайлым Төлеубекова тағайындалды.